Қашықтан оқыту: Аутизмі бар балалар үшін де айрықша көңіл бөлінеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Әр бала мектепке лайықты" жобасының бас менеджері Жазира Ескендірова қазіргі таңда төтенше жағдай кезінде қашықтан білім алып жатқан балалардың ішінде денсаулығында ақауы бар балаларға ерекше көңіл бөлінгендігі туралы айтып берді.
Біздің жобамыз 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол жылдан бастап біз Қазақстанның барлық аймағында инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Қазіргі таңда білім беру жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі - үйде оқитын ерекше балалар санының артуы. Осы орайда, біздің қорда жұмыс істеп жатқан мамандардың еңбегін атап өтпеске болмайды, - деді жоба менеджері.
Денсаулығында ауытқуы бар балалар жеке-жеке жұмыс істеуді талап етеді. Соған сәйкес мамандар айрықша қабілетке ие болуы қажет. Әр баланың көңілін табу, әр баланың мінез-құлқына дағдылану оңай емес, ерекше шыдамдылықты талап етеді.
Елімізде төтенше жағдай орнаған күннен бастап жоба мамандары балаларды қашықтан оқыта бастады. Бұл, ең алдымен, балалар үшін де, олардың ата-аналары үшін де ауыр тиіп жатқанын түсінеміз. Алдымен оқушыларды және олардың ата-аналарын қашықтан оқытуға бейімдей бастадық. Қазір біздің тьюторлар ерекше балаларға арнайы бейнесабақтар мен жаттығулар дайындаған болатын. Соған сәйкес біздің мамандар әр баланың ерекшелігін ескере отырып, бірнеше сабақты ата-аналармен хабарласа отырып жолдап отырады, - деді жоба менеджері.
Сондай-ақ, ол жоба мамандары кесте бойынша әр баламен онлайн сөйлесіп, оның ата-анасымен де жеке сабақтар өткізілетінін айтты.
Әрине, әр баланың сабағы әртүрлі өтеді, ұзақтығы да, тапсырмалары да бөлек. Кейбір оқушылардың сабақтары 3-5 минуттан күніне бірнеше рет өтеді. Уақыт өте келе сабақтың уақыты ұзара бастады. Кейбір балалар қазір 30 минуттан отырып сабақ оқи алады. Әрине, оңай емес, бірақ "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей, жұмыстың басым бөлігі ата-аналарға артылып жатыр. Олар балаларымен бағдарлама бойынша күнделікті жұмыс істеп, оларды жаңа дағдыларға үйретеді, ерекше баланың ата-анасы болса да, олар маман емес. Ерекше баламен жұмыс істеуді жаңадан үйреніп келе жатыр десек те болады, - деді Жазира Ескендірова.
Оның айтуынша, жоба мамандары балаларға техникалық прогресс жағдайында өмір сүруді ұдайы үйретеді, сондықтан қашықтан оқыту – осы бастаманың алғашқы қадамы.
Айта кеткен жөн, "Болашақ" корпоративтік қорының "Әр бала мектепке лайықты" жобасы аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру моделін әзірлеуге және Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарында енгізуге бағытталған. Қазіргі таңда жалпы Қазақстан бойынша 5 мыңға жуық аутизмі бар бала тұрады, оның 800-ден астамы Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген.