"Қашып құтыла алмаймыз". Аймағамбетов балаларды шектеумен келіспейтінін айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ChatGPT сияқты жасанды интеллектіні оқушыларға қолдануға шектеу қоюға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ChatGPT ғана емес, Gemini сияқты басқа да жүйелер бар. Егер оны біздің балаларымыз қолдана білмесе, біз өзіміз қолдана білмесек, онда біз қалып қоямыз. Біз ChatGPT-ді, жасанды интеллектіні қолдануымыз керек. Екіншіден, оны қолдануды үйретуіміз керек. Тек қана балаларға емес, мұғалімдерге де үйретуіміз керек. Бұл үш. Төртіншіден, оны тану, академиялық адалдық принциптерін ұстану бойынша бізде өте қатаң талаптар болуы керек. Жалпы біздің қазақстандық жасанды интеллектті дамыту өте маңызды. Өйткені қазақ тілін, қазақтың құндылықтарын, біздің өмірімізді түсінетін арнайы модель болуы керек деп санаймыз. Сондықтан қазір арнайы заң жобасы дайындалды. Ол құжаттың бастамашыларының бірімін. Бұл заң жобасы керек деп есептеймін. Біздің балаларымыз жасанды интеллектті түсінуі керек, білуі керек, қолдануы керек деп санаймын, - деп айтты депутат.
Оның айтуынша, бүгіннің шындығы балалар қандай деңгейде болса да сол жүйелерді қолданады. Бірақ мәселе оны қолданғанда академиялық адалдық принциптерін ұстану.
Оны қолданбау керек деп айтсақ, көштен қалып қоямыз. Егер біз алдыңғы қатарлы мемлекет боламыз десек, бүгінгі күн тәртібінде тұрған басты мәселе – мемлекеттер ЖИ-ді қолдана ала ма деген мәселе. Жасанды интеллектіні балала үшін жауып тастау, көрсетпеу, бермеу деген мәселемен келіспеймін. Мысалы, мен өзімнің балаларыма қараймын. Бұл ата-аналарға да байланысты. Біз барлық мәселені тек қана мектептерге ысырып қойғымыз келеді. Ол дұрыс емес. Ата-аналардың рөлі қайда? Бұл жерде мектептердің берері – балаларды ЖИ-мен жұмыс істеп үйрету, академиялық принциптерді үйрету. Ал бірақ үйде бала қалай оны қолданады? Оны қолданып жатыр ма, жоқ па? Сондықтан ата-аналар бірге сабақ оқып, бірге көмектесуі керек. Осы мәселені бақылауы керек. Мен балалар үйде сабақ оқығанда жанында боламын, бірге жұмыс істейміз. Менің ойымша, жасанды интеллект – біздің бүгіннің шындығы, одан біз қашып құтыла алмаймыз, - деді Асхат Аймағамбетов.
Оның пікірінше, сыни тұрғыда ойлау өте маңызды. Ол атағандай, қазір ақпараттық қоғам.
Өкінішке қарай, біз барлық интернетті жауып тастай алмаймыз. Иә, смартфондар зиян, ChatGPT-дің, жасанды интеллектің артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Біз балаларды оларды дұрыс қолданып үйретуіміз керек. Сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуымыз керек. Ол ақпараттың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін білуі керек. Академиялық адалдық принциптерін үйретуіміз керек, - деп санайды мәжілісмен.
Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев зейнеткерлердің несиесін кешіруді сұрап, Премьер-министрдің орынбасарына депутаттық сауал жолдағаны туралы жаздық. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Үкіметке сауал жолдап, әлеуметтік желінің бала тәрбиесіне зияны жайлы айтты.