Қашағаннан 0,7 млрд доллар пайда түскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл мұнай өндіру көлемі шамамен 90,4 млн тоннаны құрады. Осылайша, еліміз 2018 жылғы рекордты қайталайтын болды. 

Бұл туралы бүгін ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлімдеді. 

Мұнай саласы үшін осындай өндіру деңгейін сақтау жақсы жетістік. Бұл ретте биыл үш ірі жобада: Теңіз бен Қарашығанақта күрделі жөндеу, ал Қашағанда алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары болғанын ескерген жөн. Бірақ, негізгі өндіріс жөндеу кезінде тоқтағанына қарамастан, өндіру деңгейін сәтті қалпына келтіріп, ұлғайттық. Мәселен, 2016-2019 жылдар аралығында "Қашаған" жобасын іске асырудан түскен пайда шамамен 0,7 млрд АҚШ долларын құрады, - деп баяндады вице-министр.

Оның айтуынша, соңғы 15 жылда қазақстандық кәсіпорындарды, мамандар мен инфрақұрылымды дамытуға 14,6 млрд доллар инвестицияланған екен. Сондай-ақ, 210 әлеуметтік-инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Оның жалпы сомасы 686 млн долларын құраған. 

Бүгінгі таңда іске асырылып жатқан Қашағанның 1-кезеңін кеңейту жобалары 2022 жылы тәулігіне 420 мың баррельге және 2027 жылы тәулігіне 500 мың баррельге жету көзделіп отыр. Жобаны одан әрі іске асыру аясында Консорциум "Қашаған" кен орнын толық көлемде игеру стратегиясын айқындап, жобалауды бастайды деп күтілуде.

Қарашығанақ жобасының операторы – Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг 4 800-ден астам қазақстандық жеткізуші және өндірушімен жұмыс істейді. Жобаны іске асыра бастаған соң өңірдің әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына 398 млн АҚШ доллары инвестицияланып, 145 жоба аяқталды. Биыл Қарашығанақта Өндіру деңгейін ұзарту жобалары белсенді іске асырылуда. Бұл жобалар өндіру деңгейін ұзақмерзімді кезеңге сақтауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті министрлік өкілі.

Бұдан басқа, мұнай-газ саласының негізгі драйвері саналатын "Теңіз" жобасынан 1993 жылдан бастап түскен пайда 143 млрд АҚШ долларынан асқан екен. 

Сіздерге белгілі, ағымдағы жылы "Теңізді" келешекте кеңейту жобасы (құны 36,8 млрд АҚШ долл) белсенді іске асырылып жатыр. Бұл 2023 жылдан бастап жыл сайынғы өндіру деңгейін 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба басталғаннан бері қаражатты нақты игеру 28,5 млрд долларды құрады, қазақстандық компаниялардан сатып алудың нақты сомасы 6,3 млрд долларды құрады, - деген статистикалық көрсеткіштерді паш етті.

Сондай-ақ, Әсет Мағауов мыңнан астам қазақстандық компания алдын ала біліктіліктен өткенін хабарлады.

430 қазақстандық компанияға Жобада жұмыс істеу үшін мыңнан астам келісімшарт берілді (Тенизсервис, Ерсай, ПСН Казстрой, КИНГ-КГИТ). Теңізшевройл қазақстандық өндірушілермен 31 келісімшарт жасасты, оның 18-і бұрын ТШО-мен жұмыс істемеген. Жоба басталғаннан бері 21 600 Қазақстан азаматы арнайы дайындықтан өтіп, жұмыс мамандықтарына оқытылды, - деді спикер баспасөз мәслихатында.

Осылайша, Қазақстан азаматтары үшін 48 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы