Бүгiн 2026, 11:01 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды

Жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттың құрылысы 61,4%-ға аяқталды. Сонымен қатар Қашағанда қуаты 2,5 млрд текше метр болатын тағы бір жаңа жоба іске қосылмақ.

Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл туралы Үкімет отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта нысанның жалпы дайындығы 61,4%-ды құрайды. Ал негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу 98%-ға орындалған.

Құрылыс алаңында тәулік бойы 1775 жұмысшы мен 314 бірлік арнайы техника еңбек етіп жатыр. Бұл 2026 жылдың соңына дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтауға мүмкіндік береді, – деді Әлібек Жамауов.

«Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынып жатыр

Сонымен қатар «QazaqGaz» «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасын жүзеге асырып жатыр.

Компания басшысының мәліметінше, базалық жобалау жұмыстары толық аяқталған. Инженерлік ізденістердің орындалу деңгейі – 98%, ал жобалаудың жалпы дайындығы 35,56%-ға жеткен.

Негізгі жабдықтарға тапсырыс берілген. Құбырлардың алғашқы легі Қытай шекарасына жеткізілген. Тамыз айының басында оларды трасса бойына орналастыру, кейін дәнекерлеу және төсеу жұмыстары басталады. Қыркүйекте алғашқы газ айдау агрегаттары жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Қашағанда жаңа газ өңдеу зауыты салынады

Бұдан бөлек, «QazaqGaz» Қашаған кен орнында жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін тағы бір газ өңдеу зауытының құрылысын бастайды.

Қуаты жылына 2,5 млрд текше метр болатын Қашаған газ өңдеу зауыты жобасы бойынша EPC-мердігер анықталды. FEED+EPC келісімшартына биылғы жылдың төртінші тоқсанында қол қою жоспарланып отыр, – деді Әлібек Жамауов.

Бұған дейін бұл жобаны China National Chemical Engineering Sixth Construction Company Kazakhstan Branch пен China Wuhuan Engineering Corporation Ltd консорциумы жүзеге асыратыны хабарланған болатын.

Жаңа газ өңдеу зауыты Қашағандағы ірі өнеркәсіптік жобалардың бірі болмақ. Қазір кен орнында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттың құрылысы қатар жүріп жатыр. Екі ауқымды жобаның іске асуы газ өңдеу көлемін едәуір арттырып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.