Қашаған кен орнында 9,7 млрд м3 газ өндірілді - Мағзұм Мырзағалиев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қашаған кен орнында 9,7 млрд. м3 газ өндірілді. Бұл туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.
Министрдің айтуынша, аталған кен орнында жаңадан зауыттар ашып, мұнай өндіруді бірнеше тоннаға ұлғайту жоспарда бар.
Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемі осы жылдың қорытындысы бойынша 15,9 млн тонна, газ өндіру көлемі – 9,7 млрд м3 деңгейінде күтілуде. Кен орнында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу газ өңдеу зауыттарын салу есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл зауыттар жылына қосымша 3 млрд м3 тауарлық газ өндіруге және мұнай өндіруді жылына 16 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Еліміздегі тағы бір ірі жобалардың бірі Қарашығанақ кен орнында жүзеге асырылады. Алдағы уақытта бюджеті 970 млн АҚШ доллары болатын «Газды кері айдаудың 5-ші компрессорын салу» жобасын жүргізу жоспарланған.
Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру көлемі 11,6 млн тоннаны, газ өндіру көлемі 18,7 млрд м3 құрайды. Бүгінде Қарашығанақта сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін жылына 11-12 млн тонна шегінде ұстап тұруға мүмкіндік беретін жобалар іске асырылуда. Құны 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын «Газ өңдеу қуаттарын ұлғайту жобасы» бүгінде пайдалануға берілді. Құны 578 млн АҚШ доллары болатын «Газды кері айдаудың 4-ші компрессорын салу» жобасы бойынша қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Бюджеті 970 млн АҚШ доллары болатын «Газды кері айдаудың 5-ші компрессорын салу» жобасы 2025 жылы аяқталады, - деп мәлімдеді министр.