Қаржылық мониторинг агенттігі аудиторлық ұйымдардың қызметіне күмән келтіреді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аудиторлық ұйымдар өз қызметтерін көрсете отырып, клиенттердің жұмысындағы олқылықты анықтау үшін олардың қаржы қызметін тексереді, салық салу, кәсіпорынның есеп саясаты және басқа да мәселелер бойынша кеңес береді.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар олар көлеңкелі схемалардың, атап айтқанда салық салудан жалтару, бюджет қаражатын жымқыру, ақша қаражатын заңсыз шығару және оффшорға аудару сияқты немесе өзге де белгілерін уақтылы анықтай алады.
Осыған байланысты аудиторлық ұйымдар қаржы мониторингі субъектілерінің тізбесіне енгізілген, оларға кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңның барлық талабы қолданылады. Қазақстанда 484 аудиторлық ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 418-і ғана Қаржылық мониторинг агенттігінің қаржы операциялары туралы деректер жинау жүйесінде тіркелген, - делінген хабарламада.
Агенттіктің деректер жинау жүйесінде тіркелгендердің ішінен аз ғана бөлігі шекті және күдікті операциялар туралы хабарлама жібереді.
Агенттік өз кезегінде жоғарыда көрсетілген мәліметті кейіннен тексеру және қажетті шаралар қабылдау үшін аудиторлық ұйымдардың реттеушісі – Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жібереді.
Тексеру қорытындысы бойынша кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңның талаптарын сақтамау фактілерін анықтау осындай аудиторлық компаниялардың іскерлік беделіне зор нұсқан келтіреді. Агенттік криминалды ақшаны заңдастыруға қарсы іс-қимыл жасауда аудиторлық ұйымдармен диалог құруға дайын. Аудиторлар ынтымақтастық, заңнама және басқа да мәселелер бойынша сұрақтар туындаған жағдайда аудиторлық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі куратор Айжан Маратоваға 8 776 009 49 40 нөмірі арқылы әрдайым өтiнiш білдiре алады, - делінген агенттік таратқан хабарламада.