Бүгiн 2026, 10:20 Фото: gov.kz

Қаржы министрлігіне қарасты қордың экс-басшысы ұсталды

Ол лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасын ұстады. Ол лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті жекеменшік иесіне қорға аударылуға тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен қаражатты ұстап қалу құқығын заңсыз берген. Соның салдарынан мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келген.

Бұдан бөлек, экс-басшы мемлекеттік мүлікті төмендетілген бағамен сатқан деген күдік бар. Алдын ала есеп бойынша, бұл әрекеттер бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражаттың түспеуіне әкелген.

Сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатқан борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары да ұсталды. Тергеу дерегінше, бұл эпизод бойынша қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірілген.

Сот санкциясымен күдіктілер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынды. Олардың мүлкіне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сондықтан Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп ескертті ҰҚК.