Қаржы министрлігі салықтан жалтарған компаниялардың атын атады
Қазақстандағы ірі құрылыс компаниялары кірісін төмендетіп көрсетіп, салық төлеуден жалтарған. Бұл туралы Қаржы министрлігі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекеттік кіріс органдары BAZIS-A компаниясына 4,6 млрд теңге, ал BI Group компаниясына 11,9 млрд теңге салық салынатын кірістерін төмендетіп көрсеткені туралы хабарлама жіберді.
Бұл талдау 2022-2023 жылдары жалпыға бірдей белгіленген салық режимімен жұмыс істеген компаниялардың өзара есеп айырысуын зерттеу барысында жүргізілді. Тексеру нәтижесінде аталған құрылыс компаниялары арнайы салық режимін (АСР) төлем мөлшерін азайту үшін қолданғаны анықталды, – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Қаржы министрлігі камералды бақылау процедурасы арқылы компанияларға тексеріс жүргізбей-ақ кірістерін өз бетінше реттеп, тиісті салықтарды төлеуге мүмкіндік берілгенін мәлімдеді.
Бұл рәсім салық төлеушілерге салық сомасын дербес түзетуге және заң бойынша төлеуге жағдай жасайды, – деп хабарлады Кірістер комитеті.