Бүгiн 2026, 16:42 Фото: kmg.kz

Қаржы министрлігі «ҚазМұнайГаздың» сатып алу реформаларын қолдамайды: Исқазиев мәселені айтты

«ҚазМұнайГаз» қазақстандық қамтуды дамытуда проблемалар бар екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, сатып алу реформалары қолдау таппай отыр.

«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Исқазиев мұнай-газ саласында қазақстандық қамтуды дамытуда жүйелі мәселелер бар екенін мәлімдеді. Мәжілісте сөйлеген сөзінде ол сатып алу жүйесін реформалауға қатысты бірқатар бастамалар мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппай отырғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәселе неде?

Құрманғазы Исқазиевтің айтуынша, негізгі кедергі – құрылымдар арасындағы үйлесімсіздік.

Қазақстандық қамтуды арттыруға бағытталған сатып алу жүйесін реформалау бойынша негізгі бастамалар Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппай отыр, – деді «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Исқазиев.

Оның сөзінше, бұл отандық өндірістің дамуын және бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін енгізуді тежейді.

Өсу бар, бірақ төмендеу де байқалады

«ҚазМұнайГаз» мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық компаниялардан сатып алу үлесі 90%-ға жеткен. Алайда жекелеген бағыттарда төмендеу байқалады. Мәселен, тауарлар бойынша үлес 49%-дан 47%-ға дейін, ал жұмыстар мен қызметтер бойынша 89%-дан 88%-ға дейін төмендеген.

Негізгі себептер - жергілікті өндірістің жеткіліксіз деңгейі және нормативтік базадағы өзгерістер, - деп түсіндірді Исқазиев.

Қиындықтарға қарамастан, 2025 жылы қазақстандық компаниялармен 5,5 мыңнан астам келісімшарт жасалған, оның 96%-ы – шағын және орта бизнес.

Бұл салада 200 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ оффтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді келісімдер белсенді түрде қолданылып жатыр. Олардың жалпы көлемі 173 млрд теңгеден асты.