Қаржы министрлігі: Күн сайын 150-дей қазақстандық банкрот деп танылады
Күн сайын елімізде 100-150 азамат банкрот деп танылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда берген сұхбатында мәлімдеді.
Биыл 3 наурызда «Банкроттық туралы» заң жұмыс істей бастады. Осы күннен бастап өтінімдерді қабылдай бастадық. Заңға сәйкес, тексеру жүргізуге жарты жыл уақыт қарастылған. Осыған байланысты біз наурызда (өзін банкрот деп жариялағысы келетін адамдардан – ред.) бірден өтінім алып, банкрот деп жариялау туралы шешімді қабылдай алмадық. Жарты жыл уақыт керек болды. Қыркүйекте жарты жыл өтті. Енді банкрот деп жариялау процедурасы жүріп жатыр, - деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ ведомство өкілі қанша азаматтан өтініш түскеніне тоқталды.
Алғашқы күндері біз адамдардан түскен 377-ден аса өтінімді қарастырып, оларды банкрот деп жариялады. Мен статистиканы күн сайын бақылап отырмын. Банкроттардың тізіміне 100-200 адам қосылып отырады. Қазір біз ол бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деді Ержан Біржанов.
Белгілі болғандай, бүгінде елде банкрот деп танылуы мүмкін 10 мыңнан аса адам бар. Олар тізімге біртіндеп қосылады.
Жалпы соттан тыс банкроттық рәсіміне 65 мың Қазақстан азаматы өтінім берді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 10 мың адам (банкрот деп жариялау үшін – ред.) алдын ала тексеруден өтті. Қазір олар банкрот деп танылуы мүмкін. Алайда күн сайын өтініштер түсіп жатыр. Тізім толықтырылады. Осы 10 мың адамның шамамен 400-ге жуығын (банкрот) деп таныдық. Күн сайын банкрот тізіміне 100-150 адам қосылады. Жалпы, Қазақстанда күн сайын 100-150 адам өзін банкрот деп жариялайды деп айтуға болады, - деді ведомство басшысының орынбасары.