Қаржы министрі: Республикалық бюджет кірісі 21,4 трлн теңге болды
Жоспардың толық орындалмауына мұнай бағасының төмендеуі мен экспорт көлемінің қысқаруы әсер еткен.
2025 жылы республикалық бюджет кірістері 21,4 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттің кіріс бөлігі жоспардың 99 пайызы деңгейінде орындалған. Соған қарамастан жоспарланған көрсеткіш 336 млрд теңгеге орындалмай қалған.
Министр мұның бірнеше объективті себебі болғанын түсіндірді.
Мұнайдың орташа бағасы болжанған 75 доллардың орнына 69 доллар болды. Сонымен қатар экспорт көлемі 1,7 млрд АҚШ долларына қысқарды. Геосаяси жағдай да әсер етті. Бұдан бөлек, 134 ірі кәсіпорыннан түсетін салық төлемдері 709 млрд теңгеге немесе 36 пайызға төмендеді, – деді Мәди Тәкиев.
Соған қарамастан министр өткен жылмен салыстырғанда оң өзгерістер де болғанын атап өтті.
Оның мәліметінше, республикалық бюджеттің меншікті кірістері бір жыл ішінде 1,8 трлн теңгеге өсіп, өсім қарқыны 113,2 пайызға жеткен.
Салықтық түсімдер 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5 пайызға артқан. Әсіресе корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер 880 млрд теңгеге өссе, қосылған құн салығы бойынша түсімдер 932,5 млрд теңгеге көбейген.
Жалпы өсім экономиканың кеңеюі, корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы түсімдерінің артуы, импорт көлемінің өсуі және әкімшілендіру тиімділігінің жақсаруы есебінен қамтамасыз етілді, – деді министр.