Қаржы министрі инвестиция тарту саласындағы олқылықтарды атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Қазақстанға инвестициялар тартудың қазіргі механизмдерінің тиімсіз болу себептерін атады.
Смайылов Қазақстанда жалпы инвестициялар ағынының өсуіне қарамастан, таза инвестициялар көлемі 2016 жылғы 8,5 млрд доллармен салыстырғанда, 2018 жылы 3,8 млрд долларды құрап, екі есеге төмендегенін атап өтті. ҚР Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша осы мәселе жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Қолданыстағы тетіктерге егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, ағымдағы қызметтің тиімсіз болуының себептері анықталған.«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында инвестициялар саласында іс-қимылдарды жалпы үйлестіру жоқ. Инвестициялық климатты қалыптастырумен министрліктер, ұлттық компаниялар, әкімдіктер және тағы басқалар айналысады. Бірақ, олар әрқайсысы өз бетімен жұмыс жасайды. Астана халықаралық қаржы орталығында жасалған құралдар пайдаланылмайды. Әлемдік инвестициялық қоғамдастық үшін түсінікті форматта ресімделген және ұсынылған тартымды жобалардың саны жеткіліксіз. Елдің инвестициялық имиджін шетелде ілгерілету жөніндегі жұмыс тиісті деңгейден әлі алыс», - деп тізбектеді Смайылов.
Оның айтуынша, осы жүйелі проблемаларды шешу үшін 19 сәуірде жұмыс тобының ұсыныстары негізінде Үкімет «Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулы қабылдады.
«Осы қаулымен шын мәнінде инвестициялар тарту бойынша жұмыстың Жаңа архитектурасы құрылды. Бұл еліміздегі инвестициялық қызметтің жағдайын сапалы түрде жақсарту үшін серпін болады. Жаңа архитектурада ҚР Премьер-Министрдің төрағалығымен инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асырудың ерекше шарттарын ұсыну жөніндегі өкілеттіктер заңнамалық деңгейде бекітілетін болады. Бұл инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру үшін қажетті шешімдерді тез және жедел қабылдауға мүмкіндік береді», - деп айтты Премьер-министр орынбасары.
Оның айтуынша, кеңес құрамына Премьер-министр орынбасарлары, негізгі министрліктердің, Астана халықаралық қаржы орталығының, Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың, «Атамекен» ҰКП бірінші басшылары, сондай-ақ Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары кірді. Инвестициялар жөніндегі Омбудсмен болып Қазақстанның Премьер-министрі тағайындалды.
Бұған дейін, Қаржы министрі Қазақстанға тартылатын таза инвестициялар көлемі төмендегенін атап өткен болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы