Қаржы министрі бюджетті толық игермеген министрліктерді атады

Бұл туралы үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге шамасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті немесе жоспар 103%-ке орындалды. Кірістер бойынша жоспар 309 млрд теңгеге артығымен орындалды, оның ішінде салықтар 210 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер 94 млрд  теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы қосылған құн салығына тиесілі, - деді Қаржы министрі Үкімет отырысында.

Оның мәлімдеуінше, жергілікті бюджеттердің кірістері 107,3%-ке атқарылды және 5,2 трлн теңгеге жетті.  

Жоспар 354 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірлерде асыра орындалды, - деді ол.

Жамаубаев мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,6%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,4%-ке атқарылғанын атап өтті.

Республикалық бюджет бойынша 18,5 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 263 млрд теңгені болды, оның ішінде 175 млрд теңге - Үкіметтің бөлінбеген резерві, 7 млрд теңге – үнемдеу болып саналады. Бұл шығыстар Бюджет кодексіне сәйкес игерілмеген қаражат болып есептелмейді. Сол себепті, шығыстарды таза игеру 99,6% құрайды деп айтуға негіз бар, - деді ведомства басшысы.

Сөзінше, оның игерілмегені – 81 млрд теңге.  

Нашар игеру, яғни 99%-тен төменгі көрсеткіштер сауда және интеграция, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, төтенше жағдайлар, мәдениет және спорт министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, жобалау-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптаманы ұзақ өткізу немесе оған оң қорытындының болмауы, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, - деп мәлімдеді Қаржы министрі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы