Қаржы министрі: Әлеуметтік блоктың шығысы 581 млрд теңгеге ұлғайтылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы қандай міндеттемелерді іске асыруға бағытталғанын түсіндірді.
Бюджетті нақтылау нәтижесінде нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұны бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Яғни шығыстар өсімінің басым бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға көзделген. Бұл 1,3 трлн теңге. Тиісінше, шығыстардың жалпы көлеміндегі осы бағыттың үлесі 5%-дан аса ұлғайды. Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыстар 3,4 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 17,9% мөлшерінде жоспарланып отыр, - деп түсіндірді Қаржы министрлігі басшысы.
Жамаубаевтың айтуынша, мұндай ынталандыру орта мерзімде елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді. Бұл бюджет кірістерінің қарқынды өсуіне негіз болады.
Әлеуметтік блоктың шығысы 581 млрд теңгеге ұлғайтылды және 8,6 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 46%-і деңгейінде жоспарланып отыр. Қосымша қаражат әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, медициналық көмек көрсетуге, «Қоғамдық жұмыстар» және «Күміс жас» жобалары арқылы еңбек нарығын дамытуға, «Бірінші жұмыс орны» мен «Түлектерге арналған жастар практикасы» шеңберінде жастарды қолдауға бағытталады. Күш құрылымы шығыстары 446 млрд теңгеге өсіп, 2,2 трлн теңге сомасында жоспарланған, - деп айтты ол.
Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі жалпы көзделген шығыстардың 30%-ке жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетінін айтты. Олардың жалпы сомасы 818 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 млрд теңге.
Нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы немесе 29,3%-і бағытталады. Бұл ретте, бірінші тоқсандағы бюджеттің атқарылуының қорытындыларына сәйкес өңірлердің негізгі міндеттерді орындауға қосымша салық түсімдері түрінде толық мүмкіндіктері бар екенін де атап өткен жөн.