20 Қазан 2026, 12:57 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қарызы бар адамның шотында қанша ақша қалуы керек?

Қазақстан Ұлттық банкі борышкерлердің банктік шоттарында күнкөріске қажетті қаражатты сақтауға және қарыз сомасынан артық ақшаның бұғатталуына жол бермеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл туралы Құрылтайдың «Ауыл», Respublica және «Әділет» фракциялары депутаттарының ұсыныстарына берілген жауапта айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық банктің мәліметінше, қолданыстағы заңнамада банк мерзімі өткен кредиттік берешекті төлем талабы арқылы өндіріп алған кезде клиенттің шотындағы ақшаның 50 пайызынан аспайтын бөлігін есептен шығару және шотта ай сайын екі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең соманы сақтау міндеті көзделген. 2026 жылы бұл сома 101 702 теңгені құрайды.

Алайда бұл талап сот орындаушыларының инкассолық өкімдерін орындау кезінде қолданылмайды. Қолданыстағы заңнама бойынша банктер сот орындаушысының өкімін орындауға міндетті, ал борышкердің шотында күнкөріске қажетті соманы сақтау мүмкіндігі қарастырылмаған.

Ұлттық банк түсіндіргендей, жалақыдан немесе өзге де кірістен өндіріп алу кезінде борышкердің табысының кемінде 50 пайызы сақталуға тиіс. Сонымен қатар, алимент өндіру және денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жағдайларын қоспағанда, борышкерде қалатын сома ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы керек. Бірақ бұл талаптар сот орындаушыларының банктік шоттардан ақша өндіріп алуына тікелей қатысты емес.

Бірнеше шоттағы қаражат қатар бұғатталуы мүмкін

Ұлттық банктің мәліметінше, іс жүзінде сот орындаушылары борышкердің әртүрлі банктердегі барлық шоттарына қарыздың толық сомасына тыйым салуы мүмкін. Соның салдарынан шоттарда нақты берешек мөлшерінен бірнеше есе көп қаражат бұғатталады.

Осыған байланысты Ұлттық банк заңнамаға екі негізгі өзгеріс енгізуді ұсынды.

Біріншіден, сот орындаушыларының инкассолық өкімдерін орындау кезінде борышкердің банктік шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіне қажетті соманы сақтаудың тәртібін бекіту қажет.

Екіншіден, борышкердің бірнеше банктік шоты болған жағдайда, бір шотта тыйым салынған соманың өндіріп алуды қамтамасыз етуге жеткілікті болуы ескеріліп, басқа шоттарға қайталама тыйым салу тәртібін реттеу ұсынылды. Сондай-ақ банктерге басқа шоттар бойынша тыйым салу туралы қаулыларды сот орындаушыларына қайтару құқығын беру көзделіп отыр.

Ұлттық банк тиісті ұсыныстарды Әділет министрлігіне жолдағанын және қажетті заңнамалық түзетулерді мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтауға дайын екенін хабарлады.