Бүгiн 2026, 19:28 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

"Қарызы бар адамды тауып беремін": Ақтөбеде кәсіпкер 4 миллион теңгеден айырылды

Есепшотты ашып, борышкерді тауып беремін деген уәдемен бірнеше адамды алдаған күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр.

Ақтөбеде полиция қызметкерлері бірнеше алаяқтық дерегіне қатысы бар деген күдікпен ер адамды ұстады.

Тергеу мәліметтері бойынша, бірінші жағдайда күдікті салық органдарындағы бұғатталған есепшотты ашып беремін деген желеумен құрылыс компаниясының бухгалтерін алдап, 580 мың теңге көлеміндегі ақшасын иемденген.

Екінші жағдайда ол жеке кәсіпкердің басшысына басқа облыста тұратын, ірі көлемде қарызы бар азаматты тауып беруге көмектесетінін айтып, сеніміне кірген. Осы сылтаумен кәсіпкерден 4 миллион теңге алып, өз пайдасына жаратқан.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді.

Аталған фактілер бойынша алаяқтық дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облысының Полиция департаменті.

Полиция департаменті азаматтарды қырағылық танытуға, бейтаныс адамдардың түрлі қызмет көрсетемін деген уәделеріне сеніп, ақшалай қаражатты бермеуге және мұндай жағдайларда олардың өкілеттігі мен ұсынылған ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеруге шақырады.

Еске салсақ, Ақтөбеде ер адамды бірнеше сағат азаптап, көлігін тартып алмақ болғандар ұсталды. Белгілі болғандай, бес адам танысының әрекетін сылтау етіп, жәбірленушіні күшпен ұстап отырған.