Қарызға белшесінен батқан ҚТЖ-ның жағдайы не болмақ? — министрлік жауабы
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының дефолтқа ұшырау қаупі бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист министрге былтыр Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың ҚТЖ-ның ауыр қаржылық жағдайын атап өткенін еске салып, “компанияны дефолт шегінен алып шығу мүмкін болды ма” деген сұрақ қойды. Бұған жауап берген министр:
Ол кезде Әлихан Асханұлы ҚТЖ-ның өзге салаларға да үлкен қолдау көрсетіп отырғанын айтқан еді. Егер мұндай тәжірибе жалғаса берсе, ҚТЖ-да қиындықтар туындауы мүмкін еді. Бірақ қазіргі таңда бұған қажеттілік жоқ. Компания дамып келеді, көрсеткіштер өсіп жатыр. Келесі жылы нақты нәтижелер көрсетеміз. Сол кезде инвесторлар қандай баға беретінін көресіздер. Ірі шетелдік қорлар мен қаржы институттары да оң бағаларын беріп жатыр. Халықаралық рейтинг агенттіктері де компанияға жақсы рейтингтер беруде, — деді Көлік министрі.
Сондай-ақ журналист 2,9 трлн теңге көлеміндегі қарызға қатысты сауал қойды. Бұл сұраққа Сауранбаев:
Иә, қарыз бар. Бірақ оны азайту бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, Достық бағыты, сондай-ақ Қызылжар мен Алматы өңірлеріндегі жобалар іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта олар несие есебінен қаржыландырылуда. Иә, қарыз көлемі артып жатыр, бірақ сонымен бірге компания табысы да өсіп келеді. Сондықтан болашақта қаржылық жағдай тұрақты болады деп сенеміз, — деп жауап берді ол.