Қарызға белшеден батып, несиеге той жасау қаншалықты дұрыс?

Қазақтың тойы – дәстүр мен салтанаттың көрінісі. Бірақ соңғы жылдары той жасау қымбаттап, көпшілікті қаржылық қиындыққа ұшыратып жатыр. Біреулер несие алып, қарызға батып той жасаса, енді бірі қаражатты ақылмен жұмсап, қарапайым да көңілді мереке өткізуді жөн көреді. Ендеше, қазіргі таңда той өткізу қанша тұрады және несие алу қаншалықты дұрыс? BAQ.KZ тілшісінің мақаласынан оқып көрейік.
Тойдың шығындары қандай?
Тойдың бағасы бірнеше факторға байланысты: қонақ саны, мейрамхана таңдауы, асаба мен әншілер, безендіру, фото-видео түсірілім, қалыңдықтың көйлегі, киіт, құдалық шығындары және басқа да ұсақ-түйек шығындар.
Орташа есеппен 150-200 адамға арналған тойдың шығыны:
- Мейрамхана: 2-5 млн теңге (орын мен мәзірге байланысты)
- Асаба, әнші, шоу бағдарлама: 1,5-4 млн теңге
- Фотограф, видеограф: 500 мың – 1,5 млн теңге
- Безендіру: 500 мың – 2 млн теңге
- Қалыңдықтың көйлегі, күйеу жігіттің костюмі: 300 мың – 1,5 млн теңге
- Киіт, құдалық, басқа да дәстүрлік шығындар: 1-3 млн теңге
Осылайша шағын тойдың өзі 5-6 миллион теңгеден басталса, үлкен әрі салтанатты тойға 15-20 миллион теңге кетуі мүмкін.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев бұл мәселені бұрыннан көтеріп жүргенін айтты.

Бұрыннан бері 5 сағат тойға 5 жыл бойы төлейтін кредит алудың қажеті жоқ екенін айтып келе жатырмын. Жағдайыңыз бар болса, тойды стадионда жасай беріңіз, жағдайыңыз жоқ болса, жұрт не айтады, ұят болады, несие алайын демей, жұрттың сөзіне ермеу қажет. Жарайды, “ұят болды” деп екі жақ та несие алады. Сөйтіп әйелі бір жылдың ішінде “декретке” шығып, үйде отырады, жұмысқа шықпайды. Табыс тоқтағаннан кейін бүкіл жауапкершілік ер адамның мойнына жүктеледі. Барлығының жауапкершілікті бірдей жоғары бола бермейді. Мәселе осыда. Осыдан кейін отбасындағы кикілжің ушығып, ажырасу да көбейе түседі, - дейді депутат.
Мұқаев айтқандай, екі жастың тойына алған несиені тойға келген 200-300 қонақтың біреуі де “осылар кезінде той жасады, біз тойына барып едік қой, несиесін жауып берейікші, көмектесейікші” деген бірде-бір туысқан табылмайды.
Сондықтан жағдай болса, жасау керек. Жоқ болса, онда көрпеге қарай көсілген дұрыс, - деп есептейді ол.
Тойға несие алу дұрыс па?
Қазақта “барымен базар” деген сөз бар. Бірақ көпшілік тойдың ауқымын асырып, несие алуға мәжбүр болып жатады. Несиеге той жасау қаншалықты дұрыс?
Жағымды тұстары:
- Егер сіздің тұрақты табысыңыз болып, несиені еш қиындықсыз төлей алсаңыз, бұл – уақытша шешім.
Жағымсыз тұстары:
- Несие алу – тойдан кейінгі қаржылық ауыртпалық.
- Қарызға белшеден бату – тойдан кейінгі күйзеліс пен отбасылық жанжалдарға себеп болуы мүмкін.
- Несие төлеп жүріп, өмірдегі басқа маңызды мақсаттардан (үй алу, бала тәрбиесі, саяхат) бас тартуға тура келеді.
Экономист Бауыржан Ысқақ та ысырапшылдықты тоқтататын кез келгенін айтады.
Бұл өте өзекті тақырып. Өйткені бұл соңғы уақытта үлкен әлеуметтік мәселеге айналып бара жатыр. Халықтың ысырапшылдығы және олардың тойға ешқандай негізсіз, кепілсіз ойластырылмай алған несиелері оны одан сайын ушықтыруға үлес қосып жатыр. Қазіргі уақытта сол қарыздары той жасауға несие алған азаматтардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізіп жатыр, - дейді сарапшы.
Бауыржан Ысқақ айтып өткендей, біздің қазақтың тойы кем дегенде орташа есеппен 200 адам келеді. Ал үлкен тойларға 400-500 адамға дейін шақырылады.
Қазір қай қалада, қай ауылда болмасын орташа есеппен бір адам басына 20 мың теңгеден шығады. Енді 200 адамды 20 мың теңгеге көбейтсеңіз 4 млн теңге шығып тұр. Міне бұл соманы сіз тек қана ресторанға төлейсіз. Оған енді фотосессияны, фотозона, асаба, әнші-бишілер және т.б. есептей беріңіз. Осындай қосымша шығынның бәрін қосқанда тағы 1,5-2 млн теңге болады. Осылайша орташа есеппен қазақтың бір тойы 6 млн теңгеге өтеді. Ал оның қайтарымы 80-90% жоқ. 6 млн теңгенің жартысын қонақтар шашу ретінде әкелген күннің өзінде, той иесі минуста қалады. Міне, осы дүниенің ескеруміз керек. 6 сағат той үшін 6 млн теңге алып, оны 6 жыл бойы төлеудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Қазір халық осыны түсінуі керек. Кезінде қиын уақыттарда да үлкендердің басын қосып, ешкімге ешқандай салмақ салмай, жастардың шаңырақ құрғанын ескеруіміз керек. Яғни “200-300 адам шақырмасақ, той болмай қалады, ұят болады” деген түсініктік заманы өтіп жатыр. Өйткені қазір біз нарықтық жағдайдамыз. Бұрынғыдай ешкім ешкімді сөгетін уақыт емес. Осыны біз халыққа жеткізуіміз қажет, - дейді ол.
Депутат қазір жастардың ойы басқаша екенін жеткізді. Олар “6 млн теңгені тойға шашқанша, баспананың алқашқы жарнасы ретінде берсеңіздер, қуанар едік” деген көзқараста. Сол үшін осыған қарай ыңғайлануымыз керегін айтады.
Қаржы сарапшысы несие алып, той жасау дұрыс емес деген пікірде.
Той шығынын қалай үнемдеуге болады?
- Қонақ санын қысқарту. Ағайын-туыс пен жақын достардың басын қосу жеткілікті.
- Шығынды жоспарлау. Артық сән-салтанатқа емес, есте қаларлық ерекше сәттерге мән беру.
- Дәстүрге сай қарапайым той жасау. Көпшілік бүгінде шағын, бірақ мағыналы той жасауды құп көріп отыр.
Қазақтың тойы – өмірдегі маңызды оқиғалардың бірі. Дегенмен, тойдың сән-салтанаты емес, қуанышы мен берекесі маңызды. Қарызға кіріп, несие алып той жасау ұзақ мерзімді қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Сондықтан өз жағдайыңызға қарап, ақылмен шешім қабылдаған дұрыс. Той – өмірдің тек бір сәті, ал қаржылық тұрақтылық – болашақтың кепілі.