Қарызды кешіру және салық: Белгіленген лимиттер қалай жұмыс істейді?
Салық кодексіне енгізілген екі жаңа түзету Жобалық кеңсенің отырысында мақұлданды
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген Салық Кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 30-шы отырысында Салық кодексіне енгізілетін екі түзету мақұлданды.
Бірінші түзетуде кредиттер мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешекті есептен шығару кезінде жеке тұлғаларды жеке табыс салығынан (ЖТС) босату көзделген.
Бұл мәселе Жобалық кеңсенің отырыстарында бірнеше рет жан-жақты қаралып, оны шешудің түрлі жолы, қарыз алушылар мен несие ұйымдарына салдары талқыланған болатын. Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар заңнамада қарыз алушы өз міндеттемесін орындай алмайтын барлық өмірлік жағдайларды қарастыру іс жүзінде мүмкін емес деген қорытындыға келді. Осыған байланысты бірыңғай тәсілді белгілеу: қарыз алушыларға қосымша талаптарсыз, бірақ белгіленген лимиттер шегінде проблемалық берешекті кешіру кезінде жеке тұлғаларды ЖТС-тан босату ұсынылды.