Қарулы күштерге 30 жыл. Қуатты әскердің әлеуетіне арналған көрме ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық музейде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» көрмесі ашылды. 

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов көрмені өткізудегі басты мақсат қазақ халқының рухани мұрасын, ұлттық сана сезімін, патриоттық тәрбиесін қалыптастыру екенін айтты. 

Бұл ретте Ұлттық музейдің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Отан Қорғаушылар мен Ұлы жеңіс күнімен құттықтаймын. Халқымыздың іргесі тыныш болып, бейбітшілігіміз берік болсын, - деді ол. 

Өз кезегінде Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқандай, көрмеде Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдағы жетістігі көрсетілген.

30 жыл ішінде Қазақстанда бірде-бір шайқас болған жоқ. Орта Азиядағы көршілеріміз бен басқа елдер бір-бірімен қақтығысып жатқанда, қазақтың жеріне ешкім көзін алартуға да шамасы жеткен жоқ. Бұл - қазақ халқы рухының мықтылығы мен Қарулы күштер мүмкіндігінің жоғары деңгейінің көрінісі. ҚР бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов бар. Басқа да генералдарымыз бар. Ортамызда Сұлтан Бүркітбайұлы отыр. Қарулы күштер жоғары деңгейде екенін әркез дәлелдеп жүр, - деді Мұхмедиұлы. 

Ал Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина 2022 жыл Қарулы күштер үшін тарихи дата екенін атап өтті. 

1992 жылы құрылған Қарулы күштер еліміздің тұрақтылығы мен елдігіміздің кепілі екені баршамызға аян. Өз өмірін Отан қорғауға арнаған адал азаматтарымыз ерекше құрметке ие. Оларға халқымыздың қауіпсіздігі мен бейбіт астындағы өмір үшін ризашылығымды білдіремін, - деді Мұстафина. 

Көрменің негізгі экспонаты ҚР Қарулы Күштерін құру және ҚР тұңғыш Қорғаныс министрін тағайындау туралы Жарлыққа қол қою кезіне арналған инсталляциясы.

Көрмеге М.Б. Греков атындағы әскери суретшілер студиясы суретшілерінің туындылары қойылып, бүгінгі Қазақстан әскерінің әл-ауқаты көрермен назарына ұсынылды.

Шара барысында ҚР Президенті Мұрағатының авторлық ұжымы және ҚР Қорғаныс Министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. 1991-2001: құжаттар мен материалдар жинағы» кітабының таныстырылымы да өтті. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы