Қарулы күштердің мәдениет және өнер өкілдері кәсіби мерекесін атап өтуде
Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес, бұл күн мамырдың әр төртінші жексенбісінде атап өтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарулы күштер мәдени орталығының ордасы – Ұлттық әскери-патриоттық орталығы болып табылады. Бұл орталықта Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің балаларына домбыра тартуды, ән айтуды және би билеуді үйренетін шығармашылық студиялар жұмыс істейді.
Сирек кездесетін тарихи және мәдени ескерткіштерді дәріптеу, тас дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі қазақ жауынгерлерінің әбзелдерін, қару-жарағын, суреттерін, тарихи құжаттар мен фотосуреттерді сақтауда Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің мамандары қажырлы еңбек етіп келеді. Бірегей жәдігерлер «Мәңгілік ел» музейінің атриумында, «Ежелгі – XIX ғасыр», «ХХ ғасырдың әскери тарихы», «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері», «ХХ–ХХІ ғасырлардың қаруы», «Бейнелеу өнері» және «Танк әскерлерінің тарихы» залдарында орналастырылған.
2015 жылы құрылған Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери қызметшілердің патриотизмі мен жауынгерлік рухын арттыруда маңызды рөл атқарады. Оның құрамында Орталық ансамбль мен Орталық әскери оркестр бар, олардың түрлі іс-шаралардағы қойылымдары тыңдаушыларға қуаныш сыйлап, шабыттандырады.
Қазақстан Қарулы күштерінің мәдениет және өнер саласындағы дарынды өкілдері Отан қорғаушы ұлы миссиясының маңызын айқын ашуға ықпал етіп, армияның жауынгерлік рухын арттырады.