Қарулы күштердің ақпараттық-түсіндіру тобы Қостанайда кездесу өткізді
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі полковник Бисен Жақыповтың басшылығымен Тобыл, Қостанай қалаларында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қорғаныс ведомствосының өкілдері Тобылдағы Нұржан Наушабаев атындағы жалпы білім беретін мектепте, Бауыржан Момышұлы атындағы № 5 мектепте және Қостанай қаласындағы № 28 мектеп-гимназияда болып, ерлік сабақтарын өткізді. Бұдан бөлек, олар Қостанай ауыл шаруашылығы колледжінің студенттерімен, қалалық қорғаныс істері басқармасының жинау пункттінде әскерге шақырылушылармен кездесті.
Іс шараға қатысушыларға Қарулы күштердің елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудегі маңызы және әрбір ер азаматтың әскери қызмет өткеру міндеті туралы айтылды.
Отан қорғау жолында тұрған қазақ батырларының аңызға айналған есімдері елдің есінде. Бұл тамырын тереңге тартқан асыл миссияны жас ұрпақ жалғастыруға міндетті. Әскерде сіздер әскери-есептік және азаматтық өмірде қажет болатын мамандықтарды игеріп қана қоймай, шынығып-шымыр бола түсесіздер, – деп атап өтті ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі полковник Бисен Жақыпов.
Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі полковник Ерболат Әделбаев жастарға әскери борышын өтеген соң жоғары оқу орнына түсерде пайдалана алатын жеңілдіктер мен артықшылықтар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Әскерде қызмет еткен азаматтар запасқа шығарылғаннан кейін екі жыл ішінде ЖОО-ға ҰБТ тапсырмай, ақылы негізде оқуға түсе алады. Ал жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткен және әскери жарғыға мүлтіксіз бағынатын қызметтік міндеттерін үлгілі орындайтын әскери қызметшілердің жоғары оқу орнының грантын пайдаланып, тегін оқуға құқығы бар. Биыл азаматтардың осы санаты үшін 3 мың орын бөлініп отыр.
Өз өмірін әскермен байланыстыруға және әскери оқу орындарына түсуге шешім қабылдағандарға керемет мүмкіндіктер беріледі. Оқу кезеңінде курсанттар үлестің барлық түрлімен: киім-кешекпен, тамақпен, казармада тұрып, ақшалай қаражатпен қамтамасыз етіледі. Бұл мүмкіндіктер жайында полковник Ерболат Әделбаев жергілікті телеарналарда сөйлеген сөзінде де айтып өтті.
Іс-шаралар барысында мектептер мен колледждерде және қорғаныс істері жөніндегі мекемелердің шақыру пункттерінде Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі мен Ұлттық ұланның ән-би ансамблі шығармашылық ұжымдарының күшімен дайындалған концерттер ұйымдастырылды.
Мемлекеттік әскери-тарихи мұражай Қарулы күштердің құрылу тарихына, сондай-ақ соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігіне арналған экспозициялар ұйымдастырды.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері облыс орталығында тұратын 150 артиллериялық полк құрамында 1-ші, 2-ші Украин, Беларусь майдандарындағы шайқастарға қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Малыгинге арнайы барды.
Әскери қызметшілер орденді майдангерге ерлігі мен өміршеңдігі үшін алғыс айтты. Виктор Михайлович үшін ол тұратын үйдің ауласында Ұлттық ұлан ансамблінің өнерпаздары соғыс жылдарындағы әндерді орындады.
Ақпараттық-түсіндіру тобы өз жұмысын Рудный қаласында жалғастырады.