Қарулы күштердің 2600-ден аса сарбазы Отанға адал болуға ант берді

«Оңтүстік», «Шығыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарында, Әскери-теңіз күштерінде, сондай-ақ елорданың десанттық-шабуылдау құрамасында әскер қатарын жаңа толықтырғандардың ант қабылдау рәсімдері өтті. Салтанатты шарада 2600-ден астам сарбаз Отанға адал болуға ант берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Іс-шараларға әскери бөлімдердің жеке құрамы, жергілікті атқарушы органдар, қоғам өкілдері, қарулы күштер мен жергілікті қақтығыстарға қатысқан ардагерлер, жас сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты. 

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында 1600-ден астам сарбаз ант берді. Таразда салтанатты шара «Жеңіс» қалалық саябағында өтті. Әскер қолбасшысы генерал-майор Мереке Күшекбаев сарбаздарды осындай елеулі күнмен құттықтады. 

Бауыржан Момышұлы атындағы механикаландырылған құраманың жауынгерлері Жеңіс саябағында, батыр ескерткішінің жанында Отанына адал болуға ант беруі жауынгерлік дәстүрдің жалғасып келе жатқанын білдірсе керек. Отан алдындағы қызметтеріңді абыроймен атқарасыңдар деп сенемін, – деді генерал-майор Мереке Күшекбаев.

Ақтаудың әскери-теңіз базасында да осындай салтанатты шара теңізші жауынгерлердің сапқа тұруымен басталды. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған матростар бір ай ішінде теңізшілердің тіршілігін үйреніп, кемедегі қызмет негіздерімен және теңіз терминологиясымен танысып үлгерді.

Әскерге Павлодар облысынан келдім. Әрине, армияның өмір ырғағы мүлде бөлек, бәрі күн тәртібі және ережелерге сәйкес жасалады. Әскери-теңіз күштеріне келгеніме қуандым.  Теңізші болу – жауапкершілігі мол және қызықты. Мұндағы ерекше дәстүрлерді командирлер де таныстырып жатыр,  – деді матрос Аяз Масықбаев.

Көптеген сарбаздардың ата-аналары мен жақындары салтанатты ант қабылдау рәсіміне қатысуға келді. Кеше ғана бозбала боп келген балаларының келбетінен есейгенін байқадық деп айтып жатты.

Бүгін ұлдарымыз үшін маңызды күн – ант беру сәтін көрдік. Бұл, әсіресе, десантшы жауынгерлер үшін үлкен жауапкершілік пен абырой. Әскердегі борышыңды өтеу ер азаматтар үшін өзіне деген сенімділікке тәрбиелейтін тамаша өмір мектебі болары анық, – деді Павлодардан елордадағы десанттық-шабуылдау құрамасына шақырылған Абзал Саматтың анасы Гүлжанат Хамитова.

Командирлер шараға келген қонақтарды сарбаздар қызмет ететін жағдаймен таныстырып, олардың әскери қызмет төңірегіндегі сұрақтарына жауап берді. 

Жалпы әскери дайындық курсынан кейін әскери қызметшілер әскери мамандықтарды үйрене бастайды. Оларға штаттық қару-жарақ пен әскери техника бекітіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы