Қарулы күштерде жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы өткізілуде

Барлық гарнизондарда әскери ұжымдар әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акциясына белсенді түрде атсалысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматыда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының жеке құрамы жиырма оқушыға кеңсе заттарын сыйға тартты.

Көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ ауыр сырқаттары бар балаларға ерекше назар аудардық. Оларға сабаққа қажетті оқу құралдарын алып бердік, – деді әскери оқу орны бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Медғат Мадрахимов.

Сонымен қатар, институт психологтары ата-аналарға арналған тренинг ұйымдастырып, балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты үйлестіру құпияларын айтты.

Атырау қаласында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері оннан астам отбасына мектепке қажетті керек-жарақтарды сатып алуға көмектесті.

Қайырымдылық акциясына Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасының жеке құрамы да қатысты. 25744 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Шынар Шәріпова атап өткендей, олар қырықтан астам әскери қызметшінің отбасыларына мектепке керекті заттарды тарту еткен.

Қонаев гарнизонында 10228 әскери бөлімінің әскери қызметшілері көпбалалы отбасылар мен ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеп өсіріп отырған отбасылардың оқушы балаларына шын жүректен қамқорлық көрсетті. Бөлімнің жеке құрамы бес оқушыға арналған мектеп сөмкелерін алып, іштерін дәптерлермен, альбомдармен, күнделіктермен, қалам-қарындаштармен, бояулармен және пластилинмен толтырды.

Қашанда балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмектесемін дейтін әр адамға мұндай акцияларды қолдайтындар да табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінен
Өзгелердің жаңалығы