Қарулы күштерде Отбасы күніне арналған іс-шаралар өтіп жатыр
Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күні қарсаңында барлық гарнизондарда отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы көп балалы, сондай-ақ ерекше күтімге зәру балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше назар аударды. Осындай іс-шаралар барысында әскери қызметшілердің отбасыларына бару, спорттық және зияткерлік жарыстар, экскурсиялар мен концерттер ұйымдастырылды.
Нұр-Сұлтанда әскери полиция бас басқармасы шалғай гарнизондарда қызмет өткеретіндердің балалары мен ата-аналарына арналған қызықты бағдарламалар өткізді.
Мұнда алғаш рет келген елорда қонақтарына арнайы "Нұр-Әлем" болашақ энергиясы мұражайына, "Бәйтерек" монументіне, "Ailand" ойын-сауық орталығына, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайына, Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды. Есте қаларлықтай сапар Бурабай курорттық аймағында да болды. Онда әскери қызметшілердің отбасылары тарихи орындарға барып, көрікті жерлермен танысты.
Әскери полиция бас басқармасының басшылығына жылы қабылдағаны және қызықты шаралар ұйымдастырғаны үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді. Балалар ғана емес, біз де тамаша әсер алдық, – деді Гвардейск гарнизонынан келген Зухра Наурызбакиева.
Әскери полиция бас басқармасының басшылығы жас қонақтарға сыйлықтар табыс етті. Ал балалар мен олардың ата-аналары алғыс ретінде бөлімше аумағына шырша отырғызып, естелік белгі қойды.
– Ел Президенті 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Отбасы күні қарсаңында біз алыс гарнизондарда тұратын әскери қызметшілердің балаларын елордаға шақырдық. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты қолдау және балаларды өз Отанын сүюге тәрбиелеу, – деді Әскери полиция бас басқармасының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі аға офицері капитан Ғазиз Нұрқанов.