Қарулы күштерде десантшылар мен байланысшылар әскери ант берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы десанттық-шабуылдау бригадасы мен Алматы облысындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде салтанатты ант қабылдау рәсімдері өтті.
Нұр-Сұлтанда 100-ден астам десантшы Отанға адал болуға ант берді. Олармен бірге Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің әскери кафедрасын бітірген 140 студент салтанатты түрде ант берді.
Іс-шараға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары –Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов қатысты.
– Студенттер мен сарбаздардың бір сапта ант қабылдауының өзіндік мәні бар. Бүгін сендер үшін маңызды күн. Халық алдында адал болуға ант бердіңдер. Бұл әр ер азаматтың қасиетті борышы. Осы сәттен бастап Тәуелсіз Қазақстанның шынайы қорғаушыларысыңдар. Сендерге ел, туыстарың мен жақындарың үміт артатынын, сенетінін ешқашан ұмытпаңдар, – деді генерал-лейтенант Марат Құсайынов.
Десанттық-шабуылдау бригадасына шақырылған қонақтарға, ата-аналар мен туыстарына қару-жарақ, әскери техника және киім үлгілерінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Әскери бөлімге келушілерге арнайы дайындалған қоян-қолтық ұрыс амалдары, Құрмет қарауыл ротасының дефилесі және бөлімшелердің салтанатты маршпен жүріп өтуі және басқа да көрсетілімдер болды.
– Мен Отанымыздың астанасындағы Десанттық-шабуылдау бригадасында борышымды өткеретінім үшін өте қуаныштымын. Әрі мақтан етемін. Біз жас жауынгер курсында көп нәрсені үйрендік. Енді бәріміз нағыз десанттық дайындық пен парашютпен секіруді тағатсыздана күтудеміз, – деді Шығыс Қазақстан облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Николай Мезенов.
Әуе қорғанысы күштерінің байланыс бөлімшесінде 90-ға жуық жас сарбаз әскери ант берді. Бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Серік Сарабузовтың айтуынша, жалпы әскери дайындық курсының қорытындысы бойынша барлық шақырылушылар жауынгерлік оқуда жоғары нәтижелер көрсеткен.
Ант қабылдағаннан кейін әскери қызметшілерге штаттық қару мен жауынгерлік техника бекітілетін болады. Жас жауынгерлер әскери бөлімдердің жеке құрамымен бірге әскери істің қыр-сырын меңгеруге кіріседі.