Қарулы күштерде бригадалардың сержанттары кәсіби шеберліктерін жетілдіруде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау, Гвардейск және Жетіген гарнизондарында әскери құрамалар мен бөлімдердің сержанттарымен командирлік дайындық бойынша жиындар өткізілді.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әскер түрлері сержанттарының жетекшілігімен ұйымдастырылған жиындардың негізгі мақсаты жауынгерлік дайындық және әскери қызметшілерді тәрбиелеу процесінде сержанттар құрамы қызметінің бірыңғай тәсілін қалыптастыру болып табылады.
Мемлекет басшысының қоғамда мерзімді әскери қызмет атқаруға деген қызығушылықты және оның беделін арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы сержантар құрамының рөлін көтеруге арналған іс-шаралар жиында басты тақырыпқа айналды. Оқу бағдарламасына сәйкес, нұсқаулық-әдістемелік, көрсетілімдік және тәжірибелік сабақтар өткізілді. Сонымен бірге, жиынға қатысушылар күнделікті және оқу-жауынгерлік қызмет саласындағы тәжірибелерін бөлісуге мүмкіндік алды.
Бұдан өзге сержанттық құрам әскери бөлім командирлерінің кіші командалық және қатардағы құраммен жұмыс жөніндегі бірінші көмекшілері ретінде топтық сабақтарда мамандарды дайындау жүйесін жетілдіру жөніндегі өз ұсыныстарын талқыға салды.
Сержанттар құрамы жауынгерлердің оқуы мен тәрбиесі процесінде маңызды буын болып табылады. Мұндай жиындарды өткізу жеке құрамға оңтайлы басшылық жасауда қажетті дағдыларды қалыптастыру мен жетілдірудегі тиімді тәсіл болмақ. Сонымен бірге, бұл жерде өзге әскери бөлімдерден келген әріптестерімен тәжірибелерін бөлісуге де мүмкіндік бар, – деп атап өтті Қарулы күштердің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов.
Жиындар аяқталған соң сержанттар құрамының дайындық деңгейі бағаланып, қызмет қорытындысы шығарылды. Қатысушыларға оқу бағдарламасын игергендігі жөнінде сертификаттар табыс етілді.