Қарулы күштерде әскерге жаңа келген сарбаздар ант берді

Алматы, Жетісу, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында орналасқан әскери бөлімдерде 800-ге жуық жас сарбаз Отан алдында адал қызмет етуге серт етті.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін, сондай-ақ Әуе қорғанысы күштері мен байланыс әскерлерінің кіші мамандарын даярлау жөніндегі оқу орталықтарын толықтырғандар үшін бұл ерекше есте қалатыны сөзсіз.

Әскерге шақырылған сәттен бастап бір ай ішінде әскерге шақырылушылар жас жауынгер курсынан өтіп, әскери мамандықтарды игеруге кіріседі. 

Алматы гарнизонында болашақ байланысшыларды Бас штабтың Байланыс департаменті бастығының орынбасары полковник Әсет Мәдемаров, Қарулы күштердің ардагері отставкадағы генерал-майор Мүбәрек Орынбеков құттықтады. 

Әскери қызмет – өмір мектебі. Ол ер жігітті шыңдап, шымыр етеді және патриоттық сезімін қалыптастырады. Бұл жерде болашаққа пайдалы мамандық алатыныңыз да маңызды. Қиындықтардан қорықпай, үйреніңіз, тәжірибе жинап, алға ұмтылыңыз, – деді әскери бөлім командирі подполковник Асхат Ұлыбаев.

Анттан кейін бес ай ішінде мерзімді қызметтің әскери қызметшілері радиобайланысты ұйымдастыруға байланысты үш мамандық бойынша оқудан өтеді. Оқуды бітіргеннен кейін олар "3-сыныпты маман" сыныптық біліктілігін және экономиканың нақты секторында сұранысқа ие әскери мамандық алады.

Мен Байланыс әскерлеріне келгеніме қуаныштымын. Жаңа технологиялар дәуірінде бұл тек Қарулы күштерде ғана емес, қоғамда да басым бағыттардың бірі болып табылады. Бұл білім маған запасқа шығарылғаннан кейін де пайдалы боларына сенімім мол, – деп бөлісті қатардағы жауынгер Тимур Сәдуов.

Жетіген гарнизонында ант қабылдаған әскери қызметшілер Әуе қорғанысы күштерінің кіші мамандарын даярлайтын оқу орталығының базасында 12 мамандықты оқып үйренеді. Олардың ішінде электр қондырғылары, радиолокациялық станциялардың операторлары, әуеайлақтық жылжымалы агрегатты энергиямен қамтамасыз ету, әуеайлақты қамтамасыз ету құралдары, жанармай құюшылар, автомашиналардың жүргізушілері бар. Бұл мамандықтар армия үшін ғана емес, келешек үшін де өзекті.

Ақтау гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасы да осы күні жандана түсті. Ант қабылдаудың салтанатты рәсіміне жергілікті атқарушы билік пен қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагері запастағы полковник Сабыр Нәжекенов, сарбаздардың туыстары мен жақындары келді. 

Біз Алматыдан келдік, баламызға қолдау көрсетіп, бөлім басшылығымен танысуға келдік. Ант беру – бұл қасиетті рәсім. Ұлымызды мақтан етеміз. Оған және барлық балаларға алдағы қызметте сәттілік тілеймін. Олар борыштарын абыроймен атқарады деп сенеміз және аман-есен оралуын күтеміз, – деді қатардағы жауынгер  Бақытжан Мұсылманқұлдың анасы Сәбира Палманова. 

Әскери ант қабылдау рәсіміне келген меймандарды командирлер қызмет шарттарымен таныстырып, казармалар мен асханаларды, оқу сыныптарын көрсетті. Сондай-ақ қонақтарға жеке құрамның қойылымдары, концерттер, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмелері де ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Бүгінгі валюта бағамы
Өзгелердің жаңалығы