Қарулы күштер «Көктем-2022» оқу-жаттығуына қатысады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның барлық өңірінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қорғаудың республикалық және облыстық қызметтерінің, Қарулы күштердің және басқа да әскери құралымдардың бөлімшелерінің республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқу-жаттығуға басшылық Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласынан жүзеге асырылады.
ТЖМ мәліметінше, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарында су басу қаупінің жоғары деңгейі сақталуда.
Оқу-жаттығу барысында халықты хабардар ету, басқару органдарын, күштер мен құралдарды көктемгі кезеңге және төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға дайындау мақсатында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы мәселелері пысықталатын болады.
«Көктем-2022» оқуы шеңберінде тактикалық-арнайы жаттығулар өткізу жоспарланып отыр. Онда су тасқынына қарсы іс-шаралар барысындағы міндеттер пысықталатын болады.
Қарулы күштердің бұл оқу-жаттығуға қатысуы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарыс жағдайларында ведомствоаралық үйлестіруді күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асырудың маңызды шарасы болып табылады.