Қаруланған күдікті Трамптың резиденциясына кірмек болды
Оның қолында мылтыққа ұқсас зат пен жанармай құйылған канистра болғаны айтылды.
22 ақпанға қараған түні АҚШ-тың Құпия қызметі мен Палм-Бич округі шерифінің кеңсесінің қызметкерлері АҚШ президенті Дональд Трамптың резиденциясы аумағына кірмек болған ер адамды атып өлтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
New York Post басылымының мәліметінше, түнгі сағат шамамен 1:30-да Мар-а-Лаго резиденциясының солтүстік қақпасы маңынан жасы шамамен 20-лардағы ер адам байқалған. Оның қолында мылтыққа ұқсас зат және жанармай құйылған канистра болған.
Оны ұстау әрекеті кезінде ер адам мен күштік құрылым қызметкерлері арасында қарсыласу орын алған. Осыдан кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқ атқан. Алған жарақаттарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды. Қаза тапқан адамның аты-жөні әзірге жарияланған жоқ.
Ведомство мәліметінше, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Оқиға болған кезде Дональд Трамптың өзі және Құпия қызметтің қорғауындағы басқа да тұлғалар резиденция аумағында болмаған.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеуді Федералдық тергеу бюросы (ФБР), Құпия қызмет және Палм-Бич округі шерифінің кеңсесі жүргізіп жатыр. Оқ атуға қатысы бар қызметкерлер ішкі тексеріс аяқталғанға дейін уақытша қызметінен шеттетілді.