Қаруды заңсыз сақтау. Қылмыстық жауапкершілік бойынша 379 материал тіркелген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ-нің дәстүрлі брифингінде белгілі болды.
Ақпан айынан бастап ел аумағында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты - қаруды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу. Полиция органдарында 235 мыңға жуық азаматтық қару иелері және екі мыңнан астам қызметтік қару субъектілері есепте тұр, - деді модератор Шұғыла Тұрлыбек.
Оның айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 1 113 бірлік атыс қаруы, сондай-ақ ойық қарудың 8 мыңнан астам патрондары тәркіленді.
Полиция 2,5 мыңға жуық заңды тұлғаны, оның ішінде 92 қару-жарақ сататын дүкен мен 76 мыңнан астам шаруа қожалықтарын тексерді. 224 мыңнан астам азаматтық қару иелері тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Бес мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 379 материал тіркелді. Әкімшілік жауапкершілікке 579 азамат тартылды, - деді ол.
Тұрлыбек атағандай, қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өту қажет.
Естеріңізге сала кетейін, заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыстар болмаса, жауапкершіліктен босатылады. Осыған байланысты ІІМ азаматтарды заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және арнайы құралдарды өз еркімен тапсыруға шақырады, - деді ол.