Қартаюға қарсы жаңалық: теріні қайта жаңартудың жолы табылды

Ғалымдар адам терісін жасартуға жас адамдардың қаны (дәлірек айтқанда – қан сарысуы) көмектесетінін анықтады, бірақ бұл әсер сүйек кемігі жасушалары қатысқанда ғана байқалады. Зерттеу нәтижелері Aging ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Лабораторияда ғалымдар тері мен сүйек кемігінің жасушалары біріктірілген микрофизиологиялық жүйені қолданып тәжірибе жүргізген. Осы ортаға 30 жасқа дейінгі және 60 жастан асқан донорлардың қан сарысуы енгізілген.

Нәтижесінде, жас донорлардан алынған сарысу терінің биологиялық жасын төмендетіп, жасушалардың бөлінуін жеделдететіні анықталды. Алайда мұндай әсер сүйек кемігінің жасушалары бар кезде ғана орын алды.

Талдау барысында сүйек кемігі жасушалары жас қан сарысуына жауап ретінде арнайы сигналдық ақуыздарды бөліп шығаратыны белгілі болды. Бұл ақуыздар терінің қайта жаңаруын (регенерация) белсендіреді.

Ғалымдар мұндай 55 түрлі ақуызды анықтап, соның ішінде 7-еуі жасартушы әсер беретініне нақты дәлел тапқан. Бұл ақуыздар:

• жасушалардың бөлінуін жеделдеткен,
• коллаген мен гиалурон қышқылының өндірісін күшейткен,
• митохондрия қызметін жақсартқан және
• қартаю белгілерін азайтқан.

Зерттеу көрсеткендей, жасару – жай ғана "жас қан құю" емес, бұл – түрлі мүшелер арасындағы күрделі өзара әрекетке негізделген процесс. Бұл жүйеде сүйек кемігі шешуші рөл атқарады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы