Қартаюды жеделдететін күтпеген факторлар анықталды
Вирджиния университетінің психологтары жасөспірімдер мен олардың ата-анасы, достары арасындағы жанжалдардың биологиялық қартаюға қалай әсер ететінін зерттеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
17 жыл бойы жүргізілген зерттеуге 123 жасөспірім қатысқан.
Нәтижесінде, 13–20 жас аралығында әкелерімен ауыр қарым-қатынаста болған және достарына агрессивті мінез көрсеткен жастар 30 жасқа келгенде физиологиялық тұрғыдан "кәрі" профильге ие болғаны анықталды.
Ғалымдар ағзаның жағдайын бағалау үшін холестерин, қан қысымы, қант, қабыну маркерлері мен ақуыз деңгейлерін біріктіретін кешенді индикаторды қолданған. Әсіресе әкелерімен болатын жанжалдар физиологиялық "тозудың" жеделдеуіне күшті әсер ететінін көрсетті.
Профессор Джозеф Алленнің айтуынша, әкесімен болған жанжалдар жасөспірім үшін анасымен болатын жанжалдан әлдеқайда қарқынды әрі қауіпті болып көрінуі мүмкін. Бұл күйзелісті күшейтіп, жүрек-қан тамырлары мен иммундық жүйеге әсер етеді. Достарымен арасындағы қарым-қатынас агрессиясы да биологиялық қартаюға ықпал етеді.
Ғалымдар жасөспірімдік кезеңдегі қиын қарым-қатынас тек эмоционалдық мәселе емес, ұзақ мерзімді денсаулыққа қауіптің маңызды сигналы екенін атап өтті.
Зерттеушілер достық ортаны дұрыс қалыптастыру, жасөспірім кезеңде қарым-қатынасты бұзбау болашақта қартаюдың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын айтады.