“Қарсымыз”: Алматыда тұрғындар үйлерінің сүрілуіне наразы

Өжет шағын ауданында жаңа автожол құрылысына байланысты 120-ға жуық үй сүріледі. Бұл жаңалық жергілікті халықтың арасында дүрбелең туғызды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа магистраль қаладан шығатын тұста салынады. Ол көлік кептелісін азайтып, көлік ағынын жеңілдету үшін жоспарланған. Алайда жолды салу үшін аумақтағы үйлер сүрілуі тиіс.

Мен бұл жерде 30 жылдан бері тұрамын. Осы уақытқа дейін үйімді заңдастыра алмадым. Барлық мекемелерді араладым. Ешбір аудандық, не қалалық әкімдік мені қабылдамады. Енді бағалау жүргізілген соң, үйімізден шығуымызды талап етуде. Менде құжат жоқ, сонда мен өтемақысыз қаламын ба? – дейді Рая есімді тұрғын.

Қазір бірінші кезең бойынша 120 үй сүрілу қаупінде тұр. Тұрғындарға хабарлама таратылғанымен, әзірге ешқандай бағалау жүргізілмеген. Адамдар үйлерінен айырылып, өтемақысыз далада қаламыз ба деп қорқып отыр.

Бағалаушыға – 250 мың теңге төлеуіміз керек. Бұл қайдан шыққан заң? Сосын олар былай дейді: екі айдың ішінде үйді босатуың керек. Екі айда кім жаңа үй тауып үлгереді? Мемлекет бізге кем дегенде осы үйімізге тең келетін баспана беруі тиіс. Қазір барсаң, олар: “Біз үйіңді қаншаға бағалайтынымызды білмейміз” дейді. Бір сотық үшін 5 миллион теңге деп отыр. Онымен мен ауылдан да үй ала алмаймын. Үйлерді өзіміз тұратын Өжеттен берсін, – деді Гүлнара Сапарова.

Әкімдік өкілдері 9 шақырымдық жол салу үшін 100-ден астам үй сүрілетінін растады. Олардың айтуынша, бұл аймақ төрт жыл бұрын-ақ жол құрылысына бөлінген.

Ал екінші кезеңде тағы 392 адамнан жер телімдері алынатын болады.

Қазір біз бағалауды бастасақ, тұрғындарға ресми ескерту жібереміз. Содан кейін меншік иелерін таныстыру үшін шақырамыз. Егер олар ұсынылған өтемақы сомасымен келіссе, келісімшарт жасасамыз. Келіспесе – сот арқылы шешіледі. Сотта әрбір іс жеке қаралады. Бұл жерде тұрғындар бағалауға ақша төлемейді, – деді Жер қатынастары басқармасының жерді алу бөлімінің басшысы Мұхтар Көлбаев.

Әкімдік өкілдері тұрғындар бағалауға келіссе, оларда үйді босатуға екі ай уақыт болатынын айтты. Ал бағамен келіспегендер мәселесін сот арқылы шешетін болады.

Айта кетейік, Алматы мен Астанада жаңа қалалық нысандардың құрылысына байланысты үйлердің сүрілуі жиі кездеседі. Бұл процесс заңнамада мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою деп аталады және ол меншік құқығының немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеледі. Үйді сүруге байланысты өтемақы төлеу “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңымен және Жер кодексімен қатар реттеледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы