Қарқынды жоғалтпауымыз керек – Бақыт Злобин
Бұл туралы Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Злобин айтты.
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Президент Әділетті қоғам құру жолындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына ерекше тоқталды.
Яғни, әрбір шешім, жоба ең алдымен елге пайдалы және тиімді болуы қажет. Осындай жобаларға қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында цифрландыру шараларын жан-жақты зерттеп, қолдану керек. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелерде де цифрлық платформаларды, кеңінен пайдалану бойынша тапсырма берілді, атап айтқанда «Әлеуметтік әмиян», «біріңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесі» жобалары сияқты. Осының барлығы мемлекеттің ашықтық қағидасын жүзеге асырып жатқанының көрсеткіші, - деді ол.
Жолдаудың тағы бір бағыты – еліміздің кадрлық әлеуетін бірітіндеп арттыру сұрақтары.
Қай салада болмасын, білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті мәселе. «Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс», - деп Мемлекет басшысы айтты. Бәсекеге қабілетті экономиканың басты құндылығы – өз кәсібін жетік меңгерген мамандар. Осыған орай, мемлекет тарапынан түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға тиісті шаралар қабылданады. Президент мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жолдарына да назар аударды. Әсіресе мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын жетілдіру үшін әрбір азамат адал әрі әділ болып, заң аясында әрекет етіп, парасатты және өз ісіне жауапкершілікпен қарау керек. Сонда ғана мемлекетіміздегі болып жатқан реформалар үздіксіз жалғаса береді, - деді ол.