Қарқаралыдағы алапат өрт: 5 адам ауруханада

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы дала өрті салдарынан зардап шеккен бес адамның біреуінің жағдайы нашар. Науқас жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Дәрігерлер ауруханадағы 4 емделушінің жағдайын қалыпты деп бағаласа, тағы бір зардап шеккен азаматтың жағдайы ауыр деп отыр. Оның денесінің 35 пайызын күйік шалған.

Бүгін ауруханаға 35% күйікпен науқас жеткізілді. Ол жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта ауруханада жалпы 5 науқас жатыр. Төрт науқастың жағдайы қалыпты. Олар қажетті ем-шараларды қабылдап жатыр, -дейді

Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматологиялық орталығының басшысы Берік Төлеубаев.

Ресми деректер бойынша Қарқарылыдағы алапат өрт 35 мың гектар аумақты шарпыды. Өкінішке орай, тілсіз жау 33 жастағы өрт сөндіруші Хали Хайраттың өмірін қиды. Қарқаралы даласын шарпыған алапат өртпен күресу әлі де жалғасуда.

Қарқаралы ауданы әкімдігі шаруа қожалықтары мен фермерлерде мал шығыны жоқтығын айтады. Аумақтағы өрт жағдайына қатысты сұрақтарға жауап беру үшін жедел желі ашылған.

Мал шығыны жайлы ақпараттар түскен жоқ, біз барлық фермерлермен үнемі байланыстамыз. Тұрғындардан жалған ақпараттарды таратпауларын, тек ресми мәліметтерге сүйенілерін сұраймын. Аудан әкімдігінде жедел желі жұмыс істейді. Сұрақтар бойынша 8 71146 31366 нөміріне хабарласуға болады. Тілсіз жаумен күресу құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеуде, өртті сөндіру үшін барлық шаралар атқарылуда, - дейді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.

Еске салайық, 6 қазан күні Қарқаралы даласында құрғақ шөптің жануы салдарынан алапат өрт басталып, тілсіз жау Павлодар облусының аумағына дейін жеткен. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы