Қарқаралыда апатты үйде тұрған жеті отбасы жаңа пәтерге ие болды
Тұрғындардың баспана мәселесін шешуге «Отбасы банкпен» жүргізілген келіссөздер мен арнайы комиссияның шешімі негіз болған.
Республика күні қарсаңында Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында апатты деп танылған үйлердің орнына жеті отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды.
Тұрғындар жаңадан салынған үйлерден өздері қалаған пәтерлерді таңдаған. Кейін жергілікті әкімдік баспаналарды сатып алып, тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға берген.
Жаңа пәтерлердің кілтін Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин табыстады.
Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған 76 пәтер салынған. Биылдың өзінде 26 отбасы баспаналы болған. Ал бұл жолы үйлері апатты деп танылған тағы жеті отбасыға жаңа пәтер берілді.
Тұрғындардың баспана мәселесін шешуге «Отбасы банкпен» жүргізілген келіссөздер мен арнайы комиссияның шешімі негіз болған.
Жаңа пәтер иелерінің бірі Қанат Мұсатаев отбасының баспананы көп жылдан бері күткенін жеткізді. Оның айтуынша, бұрынғы үйі ескі әрі апатты жағдайда болған.
Біз тұрғын үй кезегінде көп жылдан бері тұрдық. Үйіміз ескі әрі апатты жағдайда еді. Аудан басшылығы жағдайымызды ескеріп, бүгін жаңа пәтердің кілтін алдық. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі Республика күніне орай жасалған тамаша сый. Көрсетілген қолдау үшін шын жүректен алғыс айтамыз, – деді Қанат Мұсатаев.
Осылайша, Республика күні қарсаңында Қарқаралыдағы жеті отбасы баспана мәселесін шешіп, жаңа үйге қоныстануға мүмкіндік алды.