22 Ақпан 2026, 11:15 Фото: pixabay.com

Қарқаралы тауларында қар астында қалған екі турист құтқарылды

Қарқаралы тауларында қарлы бораннан кейінгі қалың үйіндіге қарда жүретін көлікпен шыққан екі турист тұрып қалды.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында қарда жүретін көлікпен кешкі серуен қайғылы жағдайға ұласа жаздады. Шайтанкөл тауынан демалыс үйі жаққа түсіп келе жатқан екі демалушы терең тау шатқалында қамалып қалды. Қар құрсауында қалған туристердің бірі "112" нөміріне хабарласқан, деп жазады BAQ.KZ.

Күн еңкейіп бара жатқан. Тағы біраз уақыт өткенде құтқарушылардың жолын жапқан, астында қураған ағаштар мен үшкір тастар жасырынған алып қар үйінділері еңсеруге келмейтін кедергіге айналуы мүмкін еді.

Төтенше жағдайда құтқарушыларға үйінділерді қолмен аршып, жол салуға тура келді. Олар қар құрсауында қалған ауыр техниканы да, туристерді де алып шықты.

Құтқарушылардың күші мен төзімділігінің арқасында 1978 және 1979 жылы туған ер адамдар шатқалдан аман-есен эвакуацияланды. Абырой болғанда, оларға медициналық көмек қажет болмады.