22 Тамыз 2026, 15:51
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Qarmet шахталарда көмірді құрғақ байыту технологиясын енгізіп жатыр
Кешеннің негізінде құрғақ ауамен сепарациялау әдісі жатыр: көмір мен тау жынысы ауа ағыны арқылы бөлінеді.
Qarmet компаниясы «Шахтинская» шахтасында Қарағанды көмір бассейніндегі алғашқы көмірді құрғақ байыту кешенін салып жатыр. Жаңа технология көмірді «Восточная» орталық байыту фабрикасына жөнелтпей тұрып, өндірілген жерде-ақ тау жынысының бір бөлігін бөліп алуға мүмкіндік береді.
Қазір көмірмен бірге жер бетіне едәуір көлемде тау жынысы да шығарылады. Оны шикізатпен бірге тасымалдап, фабрикада бөліп алуға тура келеді. Жаңа кешен бұл жұмысты ертерек атқаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде әрі қарай өңдеуге сапасы жоғары көмір жіберіліп, артық тасымал көлемі қысқарады және байыту жабдықтарына түсетін жүктеме азаяды.
Кешеннің негізінде құрғақ ауамен сепарациялау технологиясы жатыр. Көмір мен тау жынысы су мен химиялық реагенттерді қолданбай, ауа ағыны арқылы бөлінеді. Бұл шлам мен ағынды судың пайда болуына жол бермейді, пайдалану шығындарын азайтып, өндірістің қоршаған ортаға әсерін төмендетеді. Кешен сағатына шамамен 300 тонна көмір өңдей алады.
Технологиялық үдеріс ұсақтау және құрғақ сепарациялау кезеңдерінен тұрады. Тау жынысының бір бөлігінен тазартылған көмір әрі қарай өңдеуге жіберілсе, бөлініп алынған тау жынысы үйіндіге шығарылады.
Біздің міндетіміз – көмірді артық тау жынысынан барынша ерте бөліп алып, әрі қарай сапасы жоғары шикізатпен жұмыс істеу. Бұл – шахталарымызды технологиялық жаңғыртудың маңызды бөлігі, – деді «Шахтинская» шахтасының күрделі құрылыс жөніндегі бас инженерінің орынбасары Василий Барабанов.
Кешен құрылысы қазір белсенді кезеңге өтті. Жұмысқа 90-ға жуық адам тартылған, тағы шамамен 15 маман жабдықтарды монтаждаумен айналысып жатыр. Алда құбырлар мен инженерлік жүйелерді орнату, сыртқы желілерді жүргізу, шатыр жұмыстарын аяқтау және ғимараттарды қаптау жұмыстары бар.
«Шахтинскаядағы» жоба – Qarmet компаниясының ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Құрғақ байыту кешендері «Қазақстан», «Абай» және Т. Күзембаев атындағы шахталарда да енгізіліп жатыр.