Қармен бірге еріген Қарағанды жолдары қандай күйде

Алты ай қыстан кейін көктем келе Қарағанды жолдары ойдым-ойдым болып шыға келді. Шұрық-тесік жолдармен автокөліктердің қатынауы қиынға соғуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарағандылық автокөлік жүргізушілері қаладағы жолдар сапасының сын көтермейтіндігін айтып, наразылықтарын білдіруде.

Қаланың сыртындағы, аулалардағы немесе жекеменшік тұрғын үйлер орналасқан аудандардағы жолдарды айтпағанда, қаланың орталығында жүру қиындап кетті. Жолдар шұрық-тесік, қайда қашарыңды білмейсің. Жолдың нашарлығынан кейде жүргізушілер жолдың қарсы бетіне шығып, апатты жағдай да туғызады. Қала бойынша шұңқырларды жыл сайын бітегенімен, келесі жылы сол шұңқырлар қайта пайда болады, тіпті үлкейіп кетеді, - дейді қала тұрғыны Мырзахмет Беков.

Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Григорий Ботнарьдың айтуынша, шұңқырдарды бекіту жұмыстарына кепілдік жоқ. Ал қазіргі уақытта құрылыс маусымы басталмаса да қала бойынша жаңа технология - «суық» асфальтпен шұңқырларды бекіту жұмыстары жасалуда.

Қазіргі уақытта ауа-райына байланысты шұңқырларды «суық» асфальтпен бекіту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы биыл қала бойынша барлық жолдардағы шұңқырлар жөндеуді қамтуды жоспарлап отырмыз. Шамамен 85 мың шаршы метр шұңқыр жөнделеді. Биыл бұл жұмыстармен 3 бригада айналысады. Олардың біреуі қаладағы, екіншісі Оңтүстік-шығысты ықшам ауданындағы, үшіншісі Әлихан Бөкейханов ауданындағы шұңқырларды жөндейтін болады, - дейді бөлім басшысының орынбасары Григорий Ботнарь.

Бүгінгі таңда қала бойынша Гоголь, Ғарышкерлер көшелеріндегі шұңқырларда «суық» асфальтпен жөндеу жұмыстары жасалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы