Қармақшының қарышты қадамы
Дүниенің төрт бұрышы мен ғарыштық кеңістікті ұштастырып жатқан, түркі дүниесінің абызы, қасиетті Қорқыт бабаның мәңгілік қоныс тепкен, әулие-әмбилер мекені болған қасиетті Қармақшы ауданы жылдан жылға дамып келеді, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Аудан халқының әл-ауқатын арттыру мен аудан эконономикасын нығайту бағытында біршама жұмыстар атқарылып, нәтижесінде мұнда макроэкономикалық көрсеткіштер жоғарылағаны байқалады. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар жайында аудан әкімі Жандос Еркінбекпен әңгімелескен едік.
– Жандос Еркінбекұлы, әрбір елді мекен, облыс, қаланың дамуы оның бюджет көрсеткішінен анық байқалады. Қармақшы қазынасын толтырып жатқан салалар бойынша не айтасыз?
– Расында аудан көлемінде атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары аз емес. Мұндай істердің өз дәрежесінде орындалуы қазынаның қалтасына байланысты екені анық. Мен тағайындалған уақытта аудан бюджеті 11 миллиард теңгенің көлемінде болды. Қазіргі күні биылға нақтыланған қаржы 13,3 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде 1,9 миллиард теңге өз кірістеріміз десек, қалған 11,4 миллиард теңге субвенция, трансферттер және кредиттер есебінен екенін атап өткен жөн.
Облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының қолдауымен, 2023 жылға бекітілген бюджетпен салыстарғанда нақтыланған бюджет республикалық қаражат есебінен 2 миллиард теңгеден астам қаржы қосымша тартылды. Бүгінгі күнге жыл басынан ауданға 1,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артып отыр.
Бұған жыл басынан өнеркәсіп саласының кәсіпорындары мен өндірілген 2,3 миллиард теңгенің өнімі де қосылды. Ал осы өнеркәсіп саласының 83 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 1,9 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 32 процент артты.
– Ауданның экономикалық дамуы көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін шағын кәсіпкерліктің дұрыс жолға қойылуы өте маңызды. Қармақшыдағы кәсіпкерлердің жағдайы қалай?
– Осы жылдың 5 айында ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны біренеше есеге ұлғайып, 4445 бірлікке жетті. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған белсенді кәсіпкерлердің қатары 40 процентке жуықтағанын да айта кету керек. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 92 проценттен асады. Өйткені мұнда қолынан іс келетін, талабы таудай азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Үкімет қозғаушы күш қылып берген мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп жатқан жерлестеріміз жеткілікті.
Мәселен, былтыр аудандағы кәсіпкерлік саласындағы құны 4 миллиард теңгеге жуықтайтын жобалар мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландырылды. Оның 621,3 миллион теңгесі қайтарымсыз грант есебінен берілді.
Ал биыл жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 184 жоба 735,8 миллион теңге көлемінде қаржыландырылды.
Жыл соңына дейін, кәсіпкерлік саласындағы жобалар мемлекеттік бағдарламалар арқылы көмек көрсету деңгейі былтырдан да жоғары болады деген үмітіміз бар. Әзірше, «Ауыл АМАНАТЫ» бағдарламасы шеңберінде несиелендіру үшін барлық елді мекеннен ниет білдірген азаматтардың құны 1,2 миллиард теңге болатын 182 жобасы іріктеліп алынды.
Бұдан бөлек, 10 ауыл шаруашылығы кооперативін ашып, оны дамыту мақсатында 280 миллион теңге көлемінде қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Осындай тың идеялардың арқасында жыл соңына дейін жалпы несие портфелі 2 миллиард теңге болатын жобалар әзірленеді.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесін қолға алғанымызды да тілге тиек ете кетейік.
Сондай-ақ, индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» серіктестігіне қарасты құс фабрикасы биыл іске қосылатын болады. Жосалы кентінде «АНК-Дәулет» серіктестігінің газоблоктар өндіретін шағын зауытын ашу және Төретам кентіндегі «МИР-2001» серіктестігінің бетон бұйымдарын өндіру шағын зауытын кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, аудандағы сауда саласын одан әрі дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатындааудан орталығындағы ескі сауда базарының орнына жергілікті кәсіпкердің бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысын салуға дайындық жұмыстары басталып кетті. Жерлесіміз Нағима Тоқсанбаеваның күш салуымен іске асқалы жатқан жобаның құны 150 миллион теңге болып отыр.
Бүгінде жаңа базар құрылысын бастау үшін Өңірлік инвестиция орталығы арқылы қажетті қаражаттың бір бөлігі бөлінді.
– Қармақшы ауданындағы ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі өткен жылға қарағанда біршама өскені айтылып жүр. Бау-бақшаларда тамшылатып суғару секілді жаңа технологиялар енгізу екпін алғанын да естідік. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында нендей жетістік бар?
– Халық айтса, қалт айтпайды. Қармақшы ауданының әлеуметтік экономикалық жағдайы, әсіресе, осы ауыл шаруашылығына негізделгенін ескерсек, жыл сайын егіннен, төрт-түлік пен бақша өнімдерінен өсім байқалуы заңды құбылыс дер едім. Оның үстіне жыл сайын саланы дамытуға арналған жүйелі жоспар құрылып, лайықты нәтижеге қол жеткізу үшін шаруалар аяусыз тер төгеді.
Осы жылдың 1 сәуіріне дейінгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 миллиард 454 миллион теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,4 процент өсті. Биыл жалпы көлемі 26409 гектар алаңға егін орналастыру көзделді. Өңір басшысының қолдауымен, былтырғы егін көлемімен салыстырғанда жоспарды 2 383 гектарға артық орындадық. Баса айта кететін жайт, оның ішінде күріш көлемі 13 500 гектарға жетіп, дала еңбеккерлерінің еңбегі ақталды.
Қазіргі таңда, 1050 гектар жаздық бидай, 1050 гектар мақсары, 4140 гектар жаңа жоңышқа, 150 гектар арпа, 5 гектар күнбағыс, 50 гектар құмай дақылдары егіліп, 4956 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, суарылды.
22 сәуірден бастап бекітілген кестеге сәйкес күріш егу және суға бастыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда, 8 950 гектар күріш егіліп, 6800 гектар күріш суға бастырылды. Көктемгі дала жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Дегенмен, ауданға бөлінген су лимиті әлі де жеткіліксіз. Нақтырақ айтсақ, кестеге сәйкес 55 текше метр тіршілік нәрі түсуі қажет болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 52,25 текше метрді көрсетіп тұр.
Аймақ басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл тұрғындарын негізгі бақша өнімдерімен өзін-өзін қамтамасыз ету үшін қосымша бақшалық жерлер дайындап жатырмыз. Биыл 392 гектар бақшалық жер қалыпқа келтіріліп, 736 отбасы жаппай бақша егуге кірісті. Соның арқасында бақшалық жерлер айдалып-қарықталып, су жүйелері қазылды. Алдашбай ахун ауылдық округінде 12 гектар картоп егілді. Бақша дақылдарын егу жұмыстары басқа елді мекендерде де бабымен жүріп жатыр.
Сонымен қатар, биыл Жаңажол ауылдық округінде «Жаңажол» серіктестігі 5 гектер жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егіп, күтімге алды. Заманауи техниканы кәсіпке енгізген шаруашылық жабынды астында өсіру әдісімен 2 гектар жерге қарбыз екті. Еңбек адамдарының жаңашыл әдістері аудан көлемінде кеңінен насихатталып келеді.
– Ауданда құрылыс жұмыстары кейінгі жылдары бәсеңдегенін байқадық. Биылғы жоспарда бұл іске басымдық беріле ме?
– Құрылыс саласына келетін болсақ, соңғы жылдары Қармақшы ауданында жаңа кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар салуға айтарлықтай күш жұмсап келеміз. Оған дәлел, биылғы жылдың 1 сәуіріндегі құрылыс жұмыстарының көлемі 203 миллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы уақытындағы жағдаймен салыстырғанда 69,3 процентке артық. Бұл саланы дамытуға бағытталған жұмыстарымыз нәтиже беріп жатыр деген сөз.
Атап айтқанда, елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай Ахун ауылдарында су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобалары іске асырылып жатыр.
Бүгінгі күнге аудан бойынша тек Жосалы кенті көгілдір отын игілігін көріп келгенін білесіздер. Ауданның көгілдір отынға қосылған елді мекендерінің санын арттыру мақсатында, Төретам кенті және Ақай ауылдық округіне газ тарту жұмыстарының құрылысы ойдағыдай жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, аудан көлеміндегі әлеуметтік нысандардағы бу қазандықтарын қалыпқа келтіру үшін Жосалы кентіндегі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің бу қазандығын табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Көп ұзамай Қармақшы аудандық ауруханасының «Шипагер» емханасы үшін бу қазандығының ғимараты, Қармақшы ауылы мен Көмекбаев ауылындағы балабақшалардабу қазандықтары салынады.
Аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыру және мәдени дамуы мақсатында Қуаңдария ауылындағы 100 орындық клуб құрылысы жүргізіліп, нысан пайдалануға берілгені де көпшілікке белгілі. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, Ақай елді мекенінде осындай нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Республикалық бюджеттің бірінші нақтылауында ІІІ Интернационал ауылындағы және Дүр Оңғар ауылында спорт кешендерінің құрылысын бастауға қаржы қаралды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында қармақшылықтарды тағы бір қуанышты жаңалықпен қуантамыз деген ойымыз бар.
Сонымен қатар, аудандық бюджет қаражаты есебінен Жосалы, Иіркөл, Ақжар, Ақай ауылдық округтерінде балалар және спорт алаңдарының құрылғыларын орналастыру жұмыстары жүргізіледі.
– Аудан орталығында, Ақай, Төретамда күрделі жөндеуді қажет ететін көшелер аз емесін білеміз. Елді мекендерді жалғайтын жолдарға қашан асфальт төселеді? Жалпы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар жайында не айтасыз?
– Ауданның инфрақұрылымын дамыту әрине, маңызды. Оның ішінде жол сапасын жақсарту мәселесі – басты назарда. Әсіресе, аудандық маңызы бар жолдарға биыл ерекше көңіл аударып отырмыз. Мәселен, «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағанбет-Көмекбаев» автомобиль жолына биыл орташа жөндеу жұмыстары басталады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 21 көшесі орташа жөндеуденөтуде. Атап айтсақ, Жосалы кентіндегі 15, Ақайдағы 3 көшеге, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал ауылдық окруктерінде 1 көшеден құрылыс жұмыстары басталды.
Бұдан бөлек Жосалы кентінің 19 көшесі мен Дүр Оңғар ауылының 5 көшесі жарықтандырылады. Облыстық бюджет қаражаты есебінен Қуандария ауылында 2 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ауылдағы ағайынды тіршілік нәрімен, аяқсумен қамту ісі де күн тәртібінен түскен емес. Елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 11 су ұңғымаларын орнату жұмыстары басталды.
Сондай-ақ, аудандағы өзекті мәселерді шешу мақсатында 2024 жылы Дүр Оңғар ауылына дейінгі газ желісінің құрылысы мен Жосалы кенті «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізуді ойлап отырмыз.
Сонымен қатар, Жосалы кентінде темір жол арқылы тірек қабырғалары бар жол өтпесінің құрылысы жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу» жобасына техникалық-экономикалық негіздеме құжатын әзірлеуге аудандық бюджеттен 9,3 миллион теңге қаралды.
Жоғарыда аталған жобалардың құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен тиісті қаражатты қарауға салалық министрлікпен жұмыстар жүргізіледі.
Ал Қармақшы ауданы бойынша құны 13,4 миллиард теңгені құрайтын 27 жоба дайындалды. Аудандық бюджет қаражаты есебінен 18 жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізуге 107,9 миллион теңге қаралды. Сәйкесінше, қосымша жобалары да әзірленуде.
Сонымен қатар, демеушілік есебінен 2 жоба-сметалық құжаттар жасақталуда. Бәрі сәтімен бітсе, Жосалы кентінен жаңа Өнер мектебі бой көтеріп, Тәуелсіздік ықшам ауданына ауыз су тарту жұмыстары жүзеге асатын болады.
– Денсаулық, спорт, өнер салалары бойынша қандай жаңашылдық, жаңалықтар бар?
– Алдымен айта кетейік, денсаулық сақтау саласында 2023 жыл жақсы жаңалықпен басталды. Тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында аудандық орталық ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылды. Осы уақытқа дейін аудан тұрғындары томография қызметін алу үшін облыс орталығына баратын болса, ендігі кезекте аудандық орталық ауруханаға жүгінетін болады.
Сонымен қатар, «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған 205,1 миллион теңге қаржы жұмсалмақ.
Ал аудан бойынша Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылыстары басталды. Бұл іске де қомақты қаражат бөлініп қойды.
Халықты рухани сусындату, жергілікті мәдениетті дамытудағы тіршілік те жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Жүз жырау шыққан өнерлі өлкенің мәдениет пен спорттағы жетістігі де жеткілікті. Жыл басынан бері мәдениет саласы бойынша 948 іс-шара өтіп, халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетілді.
Қызығы, Әзірбайжанның Баку қаласында «Кайнат» жастар орталығының ұйымдастыруымен Халықаралық балалар арасындағы «Мугам» өнер байқауында жерлесіміз жеңіс туын көтерді. Қазақстанның атынан қатысқан Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің жас шәкірті Елдес Мәди, жетекшісі Әлішер Мырзағалиев қоладан алқа тағынып, үшінші орынды еншілеп қайтты.
Біздің спортшылар да байрақты бәсекелерде аудан намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрінуде. Мәселен, қармақшылық Ерасыл Сәулебеков Дурресте (Албания) жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында екі дүркін Әлем чемпионы атанып, Сыр елінің абыройын асқақтатты.
– Мемлекет басшысының жастарды қолдауға бағытталған пәрмені бар. Бұл істі жергілікті атқарушы орган қалай жүзеге асырып жатыр?
– Биыл алғаш рет Қармақшыда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба аясында 14 жастың әлеуметтік бастамалары қаржылай қолдау тауып, әр жобаға 150 мың теңге көлемінде шағын гранттар табысталды.
Қазіргі таңда, грант иесі атанған белсенді жастар қажетті құрал-жабдықтарын алып, ойға алған кәсіптерін жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, қазіргі уақытта аудан бойынша 11 теннис, 2 домбыра үйірмесі, жылжымалы кинотеатр аудан жастарының игілігі үшін тегін қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, ауданда жастар саясатын жандандыру, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді, мазмұнды ұйымдастыру, олардың шығармашылық қызығушылықтарын қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында қоғамдық пайдалы іс-шараларды, мәдени және спорт жұмыстарын дамыту арқылы аулалық клуб жұмысы ұйымдастырылуда.
Аулалық клуб жұмысы аудандық жастар ресурстық орталығының базасында ұйымдастырылып, оған жастар мен жасөспірімдердің тұрғылықты жері бойынша сұранысы мен қызығушылығын ескере отырып, үйірме жұмыстары жүргізілуде.
Аула клубына ноутбук, принтер, шахмат, тоғызмалақ, гіртасы және тағы да басқа жастардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған іс-шараларды өткізуге қажетті құрал-жабдықтар алынып берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар бұдан әрі қарқын алатыны анық.
– Уақыт бөліп, аудандағы ахуалмен бөліскеніңізге ризашылық білдіреміз.