"Қарлығашым, келдің бе?" Береке құсы зауытқа ұя салды

Қарағанды облысы, Трудовое ауылындағы Сарыопан өзені маңында орналасқан әктас зауытының жұмысшысы елеулі оқиғаны бөлісті. Береке мен жақсылық нышаны саналатын қарлығаш өндіріс орнының ішіне ұя салған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетейік, қарлығаш құсы зауытқа екінші жыл қатарынан келіп, балапан басыпты. Ұясын кіреберіс бөлменің маңдайындағы "Exit" (Шығу) белгісінің үстіне салған. Жұмысшылар бұл оқиғаға ерекше қуанып, құстың еркін кіріп-шығуы үшін сыртқы есікті үнемі ашып қоятынын айтады.

Алғаш көргенде қатты таңғалдым. Мұндай жерде қарлығаш ұя салады деп ойламаппын. Қандай құс екенін бірден тани алмай, ChatGPT-ден қарап, қарлығаш екенін білдік. Ұя ғимараттың тамбурлы есігінен өтетін кіреберістегі төбеге салынған. Содан бері сыртқы есігімізді ашық ұстаймыз, – дейді зауыт қызметкері Асылжан Жомартұлы.

Қарлығаш – халқымыздың танымында бейбіт өмір мен берекенің, тазалық пен ізгіліктің символы. Ертеде бұл құстың ұя салған жерін киелі санаған. "Үйіне қарлығаш ұя салса, жақсылық келеді" деген сенім бар.

Алдыңғы видео бір апта бұрын түсірілген, ал қазір балапандар өсіп қалыпты. Кеше төртеу еді, бүгін таңертең біреуі ғана тұр екен. Демек, балапандар жетіліп, ұшып кеткен сияқты, – дейді видео авторы.

Ғимарат ішінде ұя салып, балапан өргізген қарлығаш зауытқа ғана емес, ондағы адамдардың жүрегіне де жылылық ұялатқандай.

Еске салайық, бұған дейін "Көлсай көлдері" ұлттық паркінде қар барысы фототұзаққа түскенін жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы