Қарлагта түрмеде отырса да Сталинді пір тұтқандар болды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қарағанды облысында жергілікті әкімдіктердің қолдауымен «Арқа арыстары» атты пресс-тур өтті.
Шара барысында алдымен Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Әлімхан Ермеков жерленген зиратқа барып, ата-баба рухына тағзым жасап, зиярат еттік. Саяси қайраткердің жанында жары Рахия қатар жерленген. Ол кісі Әлімхан Ермековтен он жыл бұрын бақилық болған екен.
Еліміздің территориясын бекітіп, шегелеуде көп еңбек сіңірген Алаш арысының зираты тек темір тормен қоршаулы тұр. Жергілікті белсенділер алдағы уақытта ол жерде үлкен күмбез тұрғызып, мұсылман зираты екені менмұндалап тұратындай етіп жасауды көздеп отыр.
Сондай-ақ шара аясында қаладан 45 шақырым жердегі Долинка ауылында орналасқан ҚарЛАГ - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейіне экскурсия жасадық.
Жазықсыз адамдарды азаптап, өмірін тозаққа айналдырған Қарлагтың аумағы 1 780 650 гектарды құрап, солтүстіктен оңтүстікке дейін 300 шақырым, шығыстан батысқа дейін 200 шақырым жерді алып жатқан екен. Бұл жер көлемі Францияның территориясына пара-пар жер, дейді музей мамандары.
Музейде сол кездегі адамдардың түрмедегі жағдайын бейнелейтін экспонаттар қойылған.
Сондай-ақ ондағы тұтқындар тұтынған тұрмыстық заттар, азаптау камералары, тіптен адамдарды атып өлтірген мылтықтарға дейін сақталған.
Қарлагқа қолынан іс келетін өндіріс, өнер адамдары көптеп айдалған. Музейде өнертапқыштар ойлап тапқан өндіріс құралдарын, суретшілер салған картиналарды көруге болады. Одан бөлек мықты дәрігерлер де болған екен, арнайы құрал-жабдықтың көмегінсіз сол кездің өзінде адам жүрегіне ота жасаған және ол сәтті өткен.
Күзетшілер түрмедегі әйелдерді азаптап, зорлық-зомбылық көрсетіп отырған. Көптеген әйелдер жүкті болып сол жерде балаларын өмірге әкелген екен. Түрмедеде туған сәбилердің көбі өлген.
Кейбір деректерде 1931-1956 жылдар арасында Карлагта 1,5 миллион адам болды деп айтылады.
Бір қызығы Қарлагта қанша азап көрсе де кейбір адамдар қандықол Сталинді пір тұтқан екен. Түрмеде жазған күнделіктерінде «Сіз, мына жақта қандай сұмдық болып жатқанын білмейсіз ғой, білгеніңізде ондайға жол бермес едіңіз» деген сипатта ойларын жазған екен.
Музейдің ұйымдастырылуы керемет, сол кездегі қиын күндерді көз алдыңа елестетіп, сезіндіре түседі. Тіптен, ол жерден жылдам қашып шыққың келеді.
Айта кетейік, осындай халықты азаптау орнына жазықсыз айдалған қаншама отандасымыз әлі күнге дейін толық ақталмады. Президенттің тапсырмасымен құрылған мемлекеттік комиссия жазықсыз бейнет көргендерді ақтайды деп сенеміз.