Қарин жаңа Конституцияның алтын арқауын атады

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның басты бағыттары мен қағидаттарын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ерлан Қариннің сөзінше, жаңа Конституцияда егемендік пен тәуелсіздік ең жоғарғы құндылық ретінде ғана емес, күнделікті өмірде қолданылатын қағида ретінде бекітілмек.

Мемлекет басшысы айтқандай, тәуелсіздік бәрінен қымбат. Біз енді егемендік пен тәуелсіздікті ең жоғарғы құндылық ретінде ғана емес, күнделікті қолданатын қағида ретінде бекітеміз, – деді ол.

Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау жаңа мәтінде алтын арқау ретінде көрініс табады.

Біз әзірлеп жатқан Конституцияның жаңа мәтінінде адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау маңызды орын алады. Бұл қағидат жаңа редакциядағы Конституцияның алтын арқауына айналып отыр, – деп атап өтті Ерлан Қарин.

Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – әділетті қоғам құрудың басты шарты.

Заң мен тәртіп үстемдік етпейінше, қоғам дамымайды, сана өзгермейді. Бұл – әділетті қоғамның басты шарты, – деді кеңесші.

Конституцияда сонымен бірге жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты және жасампаз отаншылдық идеясын қалыптастыру, қоғамдық диалогты дамыту, еңбек, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, сондай-ақ жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері көрініс тапқан. Ерлан Қарин атап өткендей, «Таза Қазақстан» бағдарламасының принциптері жаңа Конституцияның негізгі баптарымен үндеседі.

Бірнеше жылдан бері жемісті жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» жобасы халықтың табиғатқа, айналаға деген сана-сезімін өзгертуде. Осы істі әрі қарай ілгерілету маңызды, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау алғаш рет Конституциялық деңгейде бекітілді. Осылайша Конституцияның 1-бөлімі, 3-бабы мемлекет ұстанатын саясатты және халықтың талап-сұранысын айқын көрсететін негізгі қағидаттарды қамтиды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы