Қарин жаңа Конституциядағы өзгертілген баптың мәнін түсіндірді
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституциядағы өзгеріске ұшыраған жекелеген баптардың мән-маңызын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конституцияның жаңа мәтініне ұсынылып отырған түзетулер, жаңа нормалар және басқа да өзгерістер тек осы ғимараттың қабырғасында, комиссия өз жұмысын бастаған уақыт ішінде ғана пайда болған жоқ. Бұл жарты жылдан астам уақыт бойы ел азаматтарынан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен, түрлі ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар мен бастамалардың жемісі. Яғни бұл осы күнге дейін жүргізілген түрлі талқылаулардың нәтижесі, - деді Қарин отырыста.
Оның сөзінше, халықты e-otinish, eGov платформаларында ашылған арнайы бөлімдерге парламенттік реформа және жалпы конституцияның құрылымы мен мазмұнына қатысты өз ұсыныстарын жолдаған. Соның нәтижесінде 2 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Қарин өзгеріске ұшыраған жекелеген баптардың мән-маңызын түсіндірді.
Кеше Жеңіс Махмұтұлы өз сөзінде Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары туралы бапқа қатысты ұсыныс айтқан болатын. Бұл – өте маңызды бап. Жаңа нұсқаның 1-бөлімі 3-бабы енді былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпы ұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру, қоғамдық диалогты дамыту, еңбек, прогресс, білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау, - деді ол.
Оның өсзінше, бұл баптың ауқымы мен аясы айтарлықтай кеңейді. Бұл – мүлдем жаңа бап.
Яғни бұл норма жаңа преамбуламен үндесіп тұр. Сондықтан оны Конституцияның жаңа редакциясындағы преамбуламен қатар маңызды норма деп айтуға болады, - деді Ерлан Қарин.