Қарин қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының жұмысы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс нәтижелері туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин әңгімелеп берді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Ерлан Тынымбайұлы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын 2020 жылдың қараша айында бастаған еді. Президенттің тиісті Жарлығы шықты. Осы аралықта қандай жұмыстар атқарылды, жұмысқа нендей ресурстар тартылды ?

– Мемлекеттік комиссия – ауқымды ғылыми жоба. Комиссия жұмысы ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы тарихымызды зерттеудің, зұлмат оқиғалар хроникасын толық қалпына келтірудің және тоталитаризм жылдарында зардап шеккен қазақстандықтар туралы тарихи жадыны сақтаудың жаңа кезеңін бастап берді.

Сондықтан Мемлекеттік комиссияның базасында жүйелі әрі көп жоспарлы жұмыс ұйымдастырылды.

Біріншіден, қуғын-сүргін мәселелерін зерделеу төңірегіне үлкен академиялық және сарапшылық күш біріктірілді.

Бұрын аталмыш тақырыпты әр түрлі ғалымдар, тіпті жекелеген ұжымдар белсенді түрде зерттеп келген еді. Бірақ жүйелі жұмыс жоқ болатын.

Сол себепті Мемлекеттік комиссияға қуғын-сүргін тарихын зерттеумен айналысатын ғылыми-сараптамалық ортаның барлық негізгі өкілдерінің басын қосу туралы шешім қабылданды.

Бүгінде Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарында 316 сарапшы-ғалым жұмыс істейді, олардың ішінде 261 адамға жабық архивтерде жұмыс істеуге рұқсат берілген.

Бұдан бөлек, бірыңғай формат бойынша әр өңірде жергілікті комиссиялардың жұмысы ұйымдастырылды. Олардың қатарында 500-ден астам адам бар.

Екіншіден, іздестіру-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың нақты әдіснамасы жасалды.

Қуғын-сүргін тарихын зерттеуге мұқият, жан-жақты қарау керек.

Әрбір материал, әрбір іс архивтен алынып, жұртшылыққа жариялай салатын деректер жиынтығы емес.

Бұл жекелеген адамның немесе бір топ адамның тарихы. Оларды объективті бағалау үшін тек қана фактілерге негізделген ғылыми зерттеу қажет.

Мемлекеттік комиссия жұмысын енді бастаған кезде қуғын-сүргін құрбандары жөніндегі құжаттар мен материалдардың көпшілігі еліміздегі әртүрлі архивтерде сақталды, оның жүйесі болмады.

Бұған қоса, көптеген құжаттарда құпия грифі болды және оларға қол жеткізу мүмкін емес еді.

Сондықтан Мемлекеттік комиссия әртүрлі архив қорларындағы тарихи құжаттарды жедел іздестіру және оларды сапалы түрде талдау бойынша бірегей әдіснама әзірледі.

Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарындағы ғалымдар орталықтағы да, жергілікті жерлердегі де жабық қорлармен жұмыс істеу үшін арнайы әдістеме бойынша дайындалды.

Осылайша, бір мезетте бүкіл еліміз бойынша ерекше қорлармен тиімді жұмыс істей алатын зерттеушілер корпусы қалыптасты.

Үшіншіден, Мемлекеттік комиссияның өзіне жүктелген міндеттерін орындауы үшін түрлі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың күші біріктірілді.

Олар біздің ғалымдарымызға зерттеу және талдау жұмыстарында айтарлықтай көмек көрсетіп отыр.

Ғалымдарды бұрын қолжетімсіз және құпия болған материалдар мен қорларға кіргізуге мүмкіндік туды. Ведомстволық және мемлекеттік архивтерде арнайы кабинеттер жасақталды, архившілер Мемлекеттік комиссия өкілдеріне консультациялық қолдау көрсету үшін арнайы дайындықтан өтті.

Еліміздің барлық өңірлеріндегі архивтердегі материалдарды бір мезгілде зерделеу, іздеу және салыстыру үшін барлық ұйымдастырушылық және әкімшілік мәселелер шешілді.

– Мемлекеттік комиссия жұмысының арқасында қандай нәтижелерге қол жетті?

– Мемлекеттік комиссия қандай да бір нақты материал жинаумен ғана шектелмейді. Бастысы, зерттеу жұмыстары үшін жүйелі әдіснама құрып, соның негізінде заң жобасын әзірлеу процестерін бастау маңызды болатын.

Қазірдің өзінде Мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижелері шынайы деректерде де, нақты бизнес-процестерде де көрініп жатыр.

Атап айтқанда, архив материалдарын іздеу мен талдаудың тиімді жүйесінің арқасында тарихи құжаттардың ауқымды бөлігі анықталып, хронологиялық тәртіппен жүйеленді.

Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірлеріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивтерде атқарылды. Осы жұмысқа тартылған ғалым-сарапшылардың үлкен әлеуетін пайдалана отырып, Мемлекеттік комиссия жедел іздестіруді, құжаттардың жіктелуін және олардың бірыңғай білім базасына біріктірілуін қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, Мемлекеттік комиссияның шешімдері саяси қуғын-сүргін құрбандарына байланысты құжаттарды құпиясыздандыру жөніндегі ведомствоаралық жұмысты ұйымдастыруға және тиімді үйлестіруге ықпал етті.

Біз бұл процестерге Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресурстарын мақсатты түрде бағытталды.

Осыған дейін Бас прокуратура 2,4 миллионнан астам материалдарды, ҰҚК 1,5 мыңнан астам архив істері мен құжаттарды, ІІМ 5,3 мыңнан астам құжаттарды құпиясыздандырды.

Мемлекеттік комиссия қызметінің шеңберінде прокуратура органдары жаңа деректерді анықтады және прокурорлық қадағалау тәртібімен 250 мыңнан астам азамат ақталды. Ақталғандардың негізгі бөлігі жер аударылған және күштеп көшірілген азаматтар.

Бұған Мемлекет басшысының 2020 жылы қабылдаған Жарлығы негіз болды. Соның арқасында прокурорларға әлдебір азаматтардан шағым түскенін күтіп отырмай-ақ, қуғын-сүргін құрбандарын өздері ақтай алатын мүмкіндік берілді.

Нақты айтар болсақ, қолданыстағы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң бойынша жапа шеккен азамат немесе оның туысқандары өкілетті органға шағымдануы қажет.

Құпия грифі алынған материалдарды зерттеуге және оны одан әрі зерделеуге қолайлы мүмкіндік жасау мақсатында Архив материалдарын зерделеу орталығы құрылды.

Еліміздің барлық архивтеріндегі қуғын-сүргін тарихы туралы мұрағат материалдардың негізгі бөлігі орталықтың базасына біріктірілді және жүйеге түсірілді.

Орталық қызметкерлері ведомстволардан келген құпиясыздандырылған құжаттарды ғылыми тұрғыдан өңдейді, реставрациядан өткізеді және цифрлық форматқа көшіреді. Әрбір ведомстволық архив арнайы кесте бойынша өз материалдарын дайындайды және орталыққа тапсырады.

Қазірдің өзінде онда 50 мыңға жуық материал жиналды және бұл жұмыс жоспарлы түрде жалғаса береді.

Осылайша, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргін кезеңіне қатысты барлық тарихи материалдарды сақтаудың бірыңғай мемлекеттік қоры құрылады.

Бұл бағытта ізденіп жүрген ғалымдар мен зерттеушілердің жұмысын едәуір жеңілдетеді.

Сондай-ақ, Мемлекеттік комиссия публицистикалық қызметі де бір жолға қойылды.

Мемлекеттік комиссия аясындағы зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ғылыми тұрғыдан бекіту мақсатында тарихи материалдарға негізделген ғылыми жинақтардың топтамасы жарық көрді.

Қазіргі уақытта қуғын-сүргін жасауға негіз болған ұйымдастырушылық және әкімшілік құжаттар туралы ақпаратты қамтитын осындай екі жинақ шығарылды. Бұл жұмыс жыл бойына жалғасады және Мемлекеттік комиссия қызметінің академиялық қорын құрайды.

Осы бағыттағы жұмыстың тағы бір бөлігі – Мемлекеттік комиссияның деректер базасы жинақталатын және толықтырылып отыратын арнайы портал құру.

Аталған порталда ақталған, бірақ көпшілікке белгісіз қазақстандықтар туралы бұған дейін бір ізге түспеген құпия емес материалдар мен деректер жарияланып, ғылыми тұрғыда жүйеленеді.

Осылайша, қуғын-сүргін құрбандары туралы жалпыға қолжетімді ақпарат көзі қалыптасады, ол үнемі толықтырылып отырады.

Мұның барлығы жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтарды ақтауға және ұрпақтары үшін ата-бабаларының халық жауы емес екенін дәлелдеуге негіз болады.

– Алдағы уақытта Мемлекеттік комиссия қандай бағыттарға басымдық береді? Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс қалай жалғасады?

– Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған барлық азаматтарды бір мезетте ақтау емес екенін атап айтқым келеді. Бұл соттар мен прокуратураның жұмысы.

Мемлекеттік комиссияның қызметі қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қажетті заңдық, ұйымдастырушылық, ғылыми-талдамалық негіз жасауға бағытталған.

Тиісті органдар мен мекемелер Мемлекеттік комиссияның қорытындылары мен әзірлемелеріне сүйене отырып өз жұмысын жалғастырады, бұрын тиісті заңдардың шеңберіне енбей қалған қазақстандықтардың жаңа санаттарын ақтайды.

Қазіргі таңда Мемлекеттік комиссияның жұмысы өз мәресіне жетіп қалды. Қорытынды дайындау және заңнаманы жетілдіруге қатысты деректер базасын іздеу мен қалыптастыру бағытындағы негізгі міндеттер толық аяқталуға жақын.

Осыдан соң Мемлекеттік комиссияның жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Кестеге сәйкес бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін тәмәмдалуы тиіс.

– Мемлекеттік комиссияның қызметі ресми түрде аяқталғаннан кейінгі жұмыстар қалай жалғасады?

– Мемлекеттік комиссия зерттеу жұмыстарын жүйелеуге және ақтау процестерін қайта жаңғыртуға қажетті шешімдер қабылдауға арналған алаң ретінде құрылған болатын.

Сонымен қатар, Мемлекеттік комиссия қабылдаған шешімдер негізінде құрылған барлық методологиялық инфрақұрылым белгілі бір дәрежеде сақталып, жұмысын жалғастыра береді.

Қазіргі таңда Мемлекеттік комиссияның негізгі әкімшілік және әдістемелік органы ретінде Жобалық офис жұмыс істеп жатыр.

Оның жұмысы қайта жасақталып, сараптамалық институттардың бірінде әдіснамалық және консультациялық қызметпен айналысатын болады.

Қуғын-сүргін құрбандары бойынша ашық цифрлық деректер базасын толықтыру, сондай-ақ ғылыми жинақтар сериясын шығару жұмыстары жалғасады.

Бұдан бөлек, 2023 жылға дейін бекітілген нысаналы қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде ғалымдар мен зерттеушілерге олардың саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бағытындағы жұмыстары үшін қолдау көрсетіле береді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы