Қарин: Президент жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыру саясатын жүйелі жүргізіп келеді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек культін ілгерілету, жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыру саясатын жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ қосылды: ғалымдар мен өнертапқыштар, инженерлер, архитекторлар мен құрылысшылар, кеншілер мен шахтерлер, геологтар, өнеркәсіп, көлік, су және аграрлық сала жұмысшылары.

Елімізде 63 кәсіби мереке аталып өтеді, соның әшәнде Еңбек күніне ерекше маңыз берілген. 

Жыл сайын еліміздің дамуына адал еңбегімен жеке үлесін қосып жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырылады. Республика күні қарсаңында Президент түрлі салалардың 500-ден астам жұмысшысын, еңбек әулеттерінің 138 өкілін, 200-ден астам ғалымдар мен педагогтерді, медицина қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Ең жоғары мемлекеттік награда – "Қазақстанның Еңбек ері" атағы көп жылдық еңбек өтілі бар әрі еңбек әулеттерінің өкілі саналатын механизатор М.Қаражұманов пен шахтер С.Чернобайға берілді, - дейді Ерлан Қарин. 

Айта кетейік, Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан және белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. 

Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы