Бүгiн 2026, 15:57 Фото: gov.kz

"Қаражат орталыққа жұмсалады": Астанада Run for Autism жүгірісі өтеді

IV дәстүрлі Run for Autism қайырымдылық жүгірісі Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай өтеді.

Астанада елдегі ең ірі инклюзивті шаралардың бірі Run for Autism қайырымдылық жүгірісіне арналған баспасөз конференциясы өтті. Онда ұйымдастырушылар, серіктестер және аутизм спектрі бұзылысы бар балалардың ата-аналары өткен жылдардың қорытындысын шығарып, жобаның маңызын баяндады. BAQ.KZ тілшісі де жиынға қатысып, ерекше балалардың ата-аналарымен тілдесті.

2023-2025 жылдар аралығында бұл жүгіріске 6 443 адам қатысқан. Бастамаға 79 серіктес пен демеуші қосылып, жиналған қаражат көлемі 42 миллион теңгеден асқан. Осы қаражаттың арқасында 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, 200-ден астам бала қатарластарымен бірге білім алуға мүмкіндік алды.

Дегенмен кездесудің басты өзегі сандар емес, отбасылардың шынайы оқиғалары болды.

17 жастағы Бекназардың әкесі Елдос Иманбаев ұлы туралы жылы лебізбен, мақтанышпен әңгімеледі. Бекназарға аутизм спектрі бұзылысы диагнозы ерте жаста қойылған. Соған қарамастан, бүгінде ол спортпен белсенді айналысып, бірнеше рет жүгіріске қатысқан.

Мен Бекназардың әкесімін. Ол 17 жаста. Диагнозы – аутизм спектрі бұзылысы. Бекназар – ашық-жарқын, мейірімді бала. Спортпен айналысқанды жақсы көреді. Әсіресе жүгіруді ұнатады. Сонымен қатар ролик тебеді, футбол және үлкен тенниспен айналысады. Бұл жүгіріске үшінші рет қатысып отыр, оған қатты ұнайды, – дейді ол.

Әкесінің айтуынша, бұл жүгіріс баласы үшін нәтижеге жету не жарысу үшін керек емес.

Ол үшін бұл – спорт немесе бәсеке емес, ең бастысы, қоғамның осындай ерекше балаларды қабылдауы. Біз диагнозды оның 3,5-4 жасында білдік. Содан бері шамамен 13 жыл бойы Бекназармен өзім жеке айналысып келемін. Соның арқасында ол қазір қашықтықты өздігінен жүгіріп өте алады, – деді ата-ана.

Елдос Иманбаев мұндай жасөспірімдер үшін ең маңызды мәселе тек әлеуметтену емес, олардың болашағы екенін ерекше атап өтті.

Қазір ол 10-сыныпты аяқтап жатыр. Ал кәсіби білім алу – шын мәнінде әлеуметтік оқшауланудан қорғайтын жалғыз жол. Оларға міндетті түрде жұмыс істеу керек. Өйткені бұл баланың да, оның отбасының да өмір сапасына тікелей әсер етеді, – дейді Елдос Иманбаев.

Сондай-ақ ата-ана жүйелі жұмыс пен спорттың баланың дамуына қалай ықпал ететінін айтты.

Жаттығуды тұрақты түрде жасағанда өзгерістер бірден байқала бермейді. Бірақ жарты жыл аралығындағы видеоларды салыстырсаңыз, оның доппен сенімді жұмыс істей бастағанын, серіктестерін жақсырақ көретінін, координациясының жақсарғанын аңғаруға болады. Мұны бақылап отыру маңызды, – деді ол.

Оның айтуынша, Бекназардың тұрмыстық дағдылары да жақсы қалыптасқан.

Ол үй шаруасына көмектесе алады: шаңсорғышпен тазалайды, еден жуады, ыдыс жуып, киім үтіктейді, қар күрейді. Біз бұған бала кезінен мән бердік. Өзі өте еңбекқор әрі спортқа жақын бала, – деді спикер.

IV дәстүрлі Run for Autism жүгірісі 26 сәуір күні Астанадағы Ботаникалық бақта өтеді. Шара Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай ұйымдастырылып отыр. Бағдарламада әртүрлі дайындық деңгейіне арналған қашықтықтар, балаларға арналған инклюзивті эстафета және жүлделер ұтысы қарастырылған.

Айта кетейік, жиналған барлық қаражат 2026 жылдың жазында ашылуы жоспарланып отырған Құзыреттер орталығын дамытуға бағытталады. Бұл жоба ерекше даму қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен ересектерге кәсіби білім беруді көздейді.