28 Тамыз 2026, 11:33 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды: Тоқаев Ұлттық қордағы қаражат туралы айтты

Президент Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономикада іргелі реформалар қолға алынды. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленді. Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді, - деді Президент.

Тоқаев мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатқанын айтты.

Қазақстанда халық тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды. Сіздер, депутаттар, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде ел ішін аралап, Қазақстанның бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқанына куә болдыңыздар. Алайда үлкен құрылысқа қомақты инвестиция қажет. Мемлекет те бұдан тыс қалмауға тиіс, - Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобалардан қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады. Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді. Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отыр. Олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр. Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында.

Президенттің сөзінше, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі.

Тоқаев бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кеңірек тоқталатынын айтты.