«Қаражал-Атасу» тас жолында тасқын су жолдың ернеуінен асып кетті
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Кеше республикалық маңызы бар «Қаражал-Атасу» авто жолында еріген қар суы жолдың ернеуінен асып кеткен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
27 наурыз күні Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында ауа температурасы көтеріліп, қар күрт еріген. Салдарынан қызыл су деңгейі көтеріліп, аудандағы республикалық маңызы бар тас жолдың 151-шақырымында тасқын су жолдың үстінен жүріп кеткен.
«Жолдың аталған бөлігінде су өткізетін 6 құбыр бар. Құбырлардың мұзы мен қары уақтылы тазаланған, олар толық жұмыс істеп тұр. Жолдың су басқан жеріне ескерту белгілері қойылған. Қазіргі уақытта онда жол көлік полициясының қызметкерлері мен «ҚазАвтоЖол» ЖШС-нің мамандары кезекшілік атқаруда. Су деңгейі көтерілген аумақтағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ», - дейді Қарағанды облыстық ТЖД-нің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аймақта су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Жолдар мен көпірлер астындағы су өткізетін барлық құбыр тазартылған. Өзен арналарында мұз жару жұмыстары уақтылы жүргізілген. Өңірдегі негізгі су қоймаларында су ағызу жұмыстары жалғасып, барлық гидробекет бақылауға алынды. Құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары халықты су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау жайлы ақпараттандырған.
«Тұрғындармен үгіт-насихат рейдтері өткізілді. Облыс аумағындағы азаматтық қорғау қызметінің күштері төтенше жағдайға толық дайын», - дейді Жанна Дәуренбекова.